Қазақстандық ғалымдар сауын түйелерге арналған жусан негізіндегі биологиялық белсенді қоспасы бар алғашқы отандық экструзияланған құрама жемді әзірледі, деп хабарлайды QazMonitor. Жобаны Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының мамандары жүзеге асырды.
Ғалымдардың айтуынша, бұл әзірлеменің елімізде баламасы жоқ және оның тиімділігі ғылыми зерттеулер барысында дәлелденген.
Төрт аптаға созылған сынақ кезінде жаңа құрама жемнің түйелердің сүт өнімділігіне әсері зерттелді. Нәтижесінде тәжірибелік топтағы әр түйенің орташа тәуліктік сүт сауымы 100 мл-ге артқан. Сонымен қатар сүттің майлылығы 1,92%-ға, ақуыз мөлшері 1,52%-ға, ал майсыз құрғақ сүт қалдығының (СОМО) үлесі 0,91%-ға өскені анықталды.
Жаңа жемнің басты ерекшелігі – Қазақстанда кең таралған жусан өсімдігі негізінде дайындалған биологиялық белсенді қоспаны қолдануында. Заманауи өңдеу технологияларының арқасында қоректік заттардың жақсы сіңуіне ықпал ететін функционалды жем әзірленген.
Мамандардың пікірінше, бұл өнім әсіресе құрғақ климатты өңірлер үшін өзекті. Себебі түйе шаруашылығы мұндай аймақтарда мал шаруашылығының ең төзімді әрі перспективалы бағыттарының бірі саналады. Жаңа құрама жемді өндіріске енгізу түйе сүтін өндіру тиімділігін арттырып, жем өндірісінде отандық өсімдік шикізатын кеңінен пайдалануға жол ашады.
Жоба авторлары зерттеу нәтижелері түйе шаруашылығын дамытуға және түйе сүті негізінде қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.