Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. ҚТЖ паркі тағы 50 жаңа локомотивпен толықты
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 09 шілде, 2026 | 17:34
1 мин. - оқу уақыты

ҚТЖ паркі тағы 50 жаңа локомотивпен толықты

Жыл басынан бері ұлттық компанияға 134 заманауи тартқыш жылжымалы құрам жеткізілді

Фото: ҚТЖ
Фото: ҚТЖ

2026 жылғы маусымда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының локомотив паркі Alstom және CRRC компаниялары шығарған тағы 50 заманауи локомотивпен толықты. Жаңа техника елдің бірнеше өңіріндегі локомотив деполарына бөлініп, пайдалануға берілді, деп хабарлайды QazMonitor.

Маусым айында жеткізілген локомотивтердің ең көп бөлігі Қандыағаш және Жем локомотив деполарына тапсырылды. Әр депоға 17 локомотивтен берілсе, Ақтоғай локомотив депосына – 9, Астанаға – 6, Балқаш локомотив депосына бір локомотив жеткізілді.

Жалпы 2026 жылдың басынан бері ҚТЖ-ға 134 жаңа тартқыш жылжымалы құрам жеткізілді. Олардың қатарында Wabtec және CRRC магистральдық тепловоздары, Alstom электровоздары, сондай-ақ CRRC маневрлік тепловоздары бар. Қазіргі уақытта жаңа локомотивтер Астана, Қызылорда, Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Мақат, Екібастұз, Жем, Қандыағаш, Ақтоғай және Балқаш локомотив деполарында пайдаланылып жатыр.

Компанияның мәліметінше, локомотив паркін кезең-кезеңімен жаңарту ҚТЖ-ның кешенді жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл тасымалдау процесінің сенімділігін арттыруға, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін күшейтуге және тартқыш жылжымалы құрамды пайдалану тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Жаңа локомотивтерде машинистердің еңбек жағдайына да ерекше көңіл бөлінген. Кабиналар заманауи климаттық бақылау жүйелерімен, тоңазытқыштармен, тамақты жылыту құрылғыларымен, эргономикалық орындықтармен және жеке заттарды сақтауға арналған арнайы орындармен жабдықталған.

Сонымен қатар локомотивтердің конструкциясында пайдалану шығындарын азайтуға және техникалық қызмет көрсетуді жеңілдетуге мүмкіндік беретін заманауи инженерлік шешімдер қолданылған.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.