Алматыдағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты жаңа оқу жылына талапкерлерден құжат қабылдауды бастады. Радиоэлектроника, байланыс, ақпараттық қауіпсіздік және автоматтандырылған басқару жүйелері салалары бойынша офицерлер даярлайтын еліміздегі бірегей әскери жоғары оқу орнына биыл 280-нен астам курсант қабылдау жоспарланған, деп хабарлайды QazMonitor.
Құжаттарды қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері, психологиялық тестілеу, медициналық тексеру, дене даярлығы және арнайы тексеруден тұратын көпсатылы конкурстық іріктеуден өтеді. Конкурсқа қатысу үшін ҰБТ-ның төрт пәні бойынша кемінде 50 балл жинап, іріктеудің барлық кезеңінен сәтті өту қажет.
Институт заманауи армияда сұранысқа ие «Әскери істегі радиоэлектроника және инжиниринг», «Әскери істегі радиотехника және инжиниринг», «Әскери істегі автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандықтары бойынша офицерлер даярлайды. Бұл бағыттар әскерді басқарудың цифрлық жүйелерін дамыту, қорғалған байланыс арналары мен киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Сондай-ақ талапкерлер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп жүзеге асырылатын «Әскери журналистика» және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен бірлескен «Әскери дирижер» қосдипломды білім беру бағдарламаларына да құжат тапсыра алады. Бұл мамандықтарға түсушілер үшін шығармашылық емтихандар қарастырылған.
Оқу толықтай мемлекет есебінен қаржыландырылады. Курсанттар тегін жатын орынмен, тамақпен, медициналық қызметпен және әскери киім-кешекпен қамтамасыз етіледі.
Институт түлектеріне «лейтенант» алғашқы офицерлік әскери атағы беріледі. Ал оқуды үздік тәмамдағандарға «аға лейтенант» әскери атағы табысталады. Сонымен қатар барлық жас офицерлер Қазақстан Қарулы күштері мен өзге де әскери құрылымдарға қызметке тағайындалады.
Биыл Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт ішінде оқу орны төрт жылдық білім беру жүйесіне көшіп, оқу-материалдық базасын жаңғыртты, қосдипломды бағдарламаларды іске қосты және қорғаныс саласының жоғары технологиялық бағыттарына мамандар даярлайтын жетекші әскери жоғары оқу орындарының біріне айналды.