Ақмола облысындағы Аршалы және Сарыоба станцияларының теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан өтті. Жобалар теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталды, деп хабарлайды QazMonitor.
Жаңғырту барысында екі вокзалдың шатыры, сыртқы және ішкі әрлеуі жаңартылып, су, кәріз, жылу және электрмен жабдықтау инженерлік желілері толық ауыстырылды. Сонымен қатар вокзал маңы абаттандырылып, жолаушылар перрондары қайта жөнделді. Ғимараттар жаңа жиһаздармен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Қасбеттері талшықты цемент панельдерімен қапталып, ішкі әрлеуге өрт қауіпсіздігі талаптарына сай, ұзақ мерзімге төзімді отандық материалдар пайдаланылды. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес қосымша эвакуациялық шығу жолдары жасалып, Аршалы вокзалында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандус орнатылды.
1945 жылы салынған Аршалы вокзалының аумағы 150 шаршы метрден 225,33 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Бұл станция арқылы Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай және Ресей бағытына қатынайтын 10 жолаушылар пойызы өтеді.
Ал 1938 жылы салынған Сарыоба вокзалының аумағы 208,7 шаршы метрден 225,33 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Станция арқылы Астана, Павлодар, Қарағанды, Шымкент, Семей және Түркістан бағыттарына қатынайтын 10 жолаушылар пойызы жүреді.
Жаңғырту нәтижесінде екі вокзал да қауіпсіздік, энергия тиімділігі және жайлылық бойынша заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Бұл жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.