Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар» Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл туралы Kazakh Tourism компаниясы хабарлады.
Компания мәліметінше, Бүкіләлемдік мұраның жаңа нысаны құрамына аймақтың бес киелі кешені кірді. Олар Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Бекет ата.
ЮНЕСКО сарапшылары кешенге (ii) және (iii) критерийлері бойынша айрықша әмбебап құндылық мәртебесін берді. Сарапшылар комитеті көшпенділер мәдениеті мен сопылық рухани дәстүрдің тоғысуынан қалыптасқан киелі ландшафт феноменін ерекше атап өтті. Бұл зиярат орындарында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан рухани дәстүрлер мен шырақшылық үздіксіз сақталып келеді.
Бес кешен республикалық маңызы бар ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында. Саяхатшылар тарапынан артып келе жатқан қызығушылықты реттеу және нысандардың бастапқы келбетін сақтау мақсатында 2027–2032 жылдарға арналған Интеграцияланған басқару жоспары әзірленуде. Құжат киелі ортаны қорғау, консервациялау, ғылыми зерттеулер жүргізу және туристік ағынды жүйелі түрде бөлу мәселелерін реттейді.