Қазақстанда алаяқтар рәсімдеген 8,4 млрд теңгенің кредиті бойынша өндіріс тоқтатылды, деп хабарлайды QazMonitor Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
Қаржы реттеушісінің мәліметінше, елімізде алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарды қорғау күшейтілді. Егер құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, азамат жәбірленуші деп танылса, банк немесе микроқаржы ұйымы сыйақыны, айыппұлдар мен өсімпұлды есептеуді тоқтатуға міндетті.
«Сонымен қатар талап қою және берешекті өндіріп алу жұмыстары да тоқтатылады. Осылайша, тергеу жүргізіліп жатқан кезеңде азаматтың берешегі ұлғаймайды, ал қаржы ұйымы істің барлық мән-жайы анықталғанға дейін одан кредитті өтеуді талап ете алмайды», делінген ақпаратта.
Тек биылғы жылдың өзінде бұл шаралар жалпы сомасы 8,4 млрд теңгені құрайтын 6,2 мың қарызға қатысты қолданылды.
Сонымен қатар заңнамада алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерді есептен шығарудың соттан тыс және сот тәртібімен жүзеге асырылатын тетіктері де көзделген.
«Соттан тыс тәртіп азамат жәбірленуші деп танылған және кредит беру кезінде банк немесе микроқаржы ұйымы заңнамада белгіленген міндетті талаптардың кемінде біреуін бұзған жағдайда қолданылады. Мұндай бұзушылықтарға кредит алудан ерікті түрде бас тарту туралы тыйымды сақтамау, биометриялық сәйкестендірудің болмауы, салқындату кезеңін немесе басқа да міндетті рәсімдерді бұзу жатады. Мұндай жағдайда қаржы ұйымы берешекті өз бетінше есептен шығаруға міндетті. Азаматқа сотқа жеке жүгініп, өзінің кінәсіздігін дәлелдеудің қажеті жоқ», деп қосты агенттікте.
Сот тәртібі техникалық бұзу, парольдерді ұрлау, мобильді құрылғыны қашықтан басқару немесе зиянды бағдарламаларды пайдалану сияқты неғұрлым күрделі жағдайларда қолданылады.
Сондай-ақ банк биометриялық сәйкестендіруге, антифрод-рәсімдерге немесе алаяқтықты анықтау мен оның алдын алу жөніндегі өзге де міндетті талаптарға қатысты заңнама талаптарын бұзған жағдайларда да кредитті есептен шығару жүзеге асырылады.
Агенттік мәліметінше, Қазақстанда аяқтық жолмен рәсімделетін кредиттердің ауқымы төмендеп келеді. 2026 жылдың басынан бері жалпы сомасы 2,1 млрд теңгені құрайтын 1,3 мың алаяқтық қарыз анықталды. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы жалпы сомасы 4,6 млрд теңге болатын 5,1 мың осындай қарыз, ал 2024 жылы жалпы сомасы 20,3 млрд теңгені құрайтын 8,7 мың қарыз анықталған.