Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Алматыда тұрғындарға үйіне жақын ақылы автотұрақты тегін пайдалану мүмкіндігі беріледі
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 18 тамыз, 2026 | 15:47
2 мин. - оқу уақыты

Алматыда тұрғындарға үйіне жақын ақылы автотұрақты тегін пайдалану мүмкіндігі беріледі

Жаңа ережеге сәйкес бір үй-жайға бір көлікке құқық қарастырылған

Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтар желісі кеңейіп, көпқабатты үйлердегі пәтерлер мен коммерциялық нысандардың меншік иелері және жалға алушыларына автотұрақты тегін пайдалану мүмкіндігі беріледі. Тиісті нормалар Алматы қаласы мәслихатының 2026 жылғы 30 шілдедегі №324 шешімімен бекітілген Жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларында қарастырылған, деп хабарлайды QazMonitor

Жаңа тәртіпке сәйкес, көпқабатты тұрғын үйдегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері мен жалға алушылары нысан орналасқан жерден 500 метрге дейінгі радиуста өздері таңдаған бір коммуналдық ақылы автотұрақты тегін пайдалану құқығын рәсімдей алады.

Бұл құқық әрбір үй-жайға бір көлік құралына беріледі. Алайда нақты автотұрақ орны пайдаланушыға бекітілмейді. Яғни таңдалған автотұрақта бос орын болған жағдайда ғана көлікті қоюға болады.

Тегін пайдалану құқығы жерасты паркингтеріне, қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған тұрақтарға, жабық үлгідегі көпдеңгейлі автотұрақтарға және механикаландырылған автотұрақтарға қолданылмайды.

Тегін автотұрақты қалай алуға болады?

Ол үшін арнайы өтініш беру қажет. Өтініш берушінің атына белгіленген тәртіппен тіркелген көлік құралы болуы тиіс.

Негізгі талаптар:

• үй-жайдан 500 метрге дейінгі радиуста бір автотұрақ таңдалады;

• бір үй-жайға бір көлік құралы қарастырылады;

• нақты автотұрақ орны пайдаланушыға бекітілмейді.

Өтінішті 2026 жылғы 17 тамыздан бастап «Алматы паркинг» КМК-ның almaty-parking.kz интернет-ресурсы немесе азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы eOtinish арқылы беруге болады.

Тегін пайдалану құқығы меншік иесімен бірге тұратын жақын туысына да меншік иесінің жазбаша келісімі негізінде берілуі мүмкін.

Үй-жайды жалға алушыларға бұл құқық заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткен жалдау шартының қолданылу мерзіміне беріледі.

Егер үй-жай немесе көлік құралы ортақ үлестік меншікте болса, тегін пайдалану құқығын рәсімдеу үшін басқа меншік иелерінің жазбаша келісімі қажет.

Алматыда автотұрақтар саны көбейеді

Қалада коммуналдық автотұрақтар желісін де кеңейту жоспарланып отыр. Биыл қосымша 8 мыңнан астам ақылы автотұрақ орны ұйымдастырылады. Нәтижесінде олардың жалпы саны 17 мыңнан 25 мыңға дейін өседі.

Жаңа тұрақтар тротуар бойында және арнайы алаңдарда орналасады.

Қандай азаматтар автотұрақ ақысын төлемейді?

Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, тиісті растайтын құжаттары бар бірқатар азаматтар коммуналдық ақылы автотұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады.

Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердегі әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, еңбек ардагерлері, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардан зардап шеккен азаматтар және электромобиль иелері бар.

Осылайша, жаңа жүйеде сараланған тәсіл енгізіледі: көпқабатты үйлердің меншік иелері мен жалға алушылары үйіне жақын өздері таңдаған бір коммуналдық автотұрақты тегін пайдалана алады, ал жеңілдік санатындағы азаматтар үшін төлемнен босату тәртібі сақталады.

Жүргізушілер нені ескеруі керек?

Тротуар үлгісіндегі коммуналдық ақылы автотұрақтар 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Алаңдық тұрақтардың, жерасты паркингтердің, қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған тұрақтардың, көпдеңгейлі және механикаландырылған автотұрақтардың жұмыс уақытын басқарушы ұйым белгілейді.

Коммуналдық ақылы автотұрақтарды пайдалану ақысы бекітілген тарифке сәйкес көліктің тұрақта тұрған әр минуты үшін есептеледі.

Тротуар үлгісіндегі автотұрақтарда жолаушыларды отырғызу немесе түсіру, сондай-ақ көлікті тиеу немесе түсіру кезінде алғашқы бес минутқа ақы алынбайды. Егер көлік бес минуттан ұзақ тұрса, алғашқы бес минутты қоса алғанда, тұрақта болған барлық уақыт үшін ақы төленеді.

Жаңа қағидалар Алматыдағы автотұрақ кеңістігін реттеуге, тұрақтардың қолжетімділігі мен айналымын арттыруға және көпқабатты үйлердің тұрғындарына үйіне жақын орналасқан автотұрақтарды тегін пайдалану мүмкіндігін жасауға бағытталған.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.