Өскеменде Гематология орталығының құрылыс-монтаж жұмыстары 99%-ға орындалды. Қазіргі уақытта аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталып, медициналық жабдықтарды жеткізу және монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Сол жағалаудағы Көкжал Барақ көшесінде орналасқан орталық жалпы ауданы 38 мың шаршы метрден асатын үш ғимараттан тұрады. Негізгі корпус 148 орынға есептелген. Сонымен қатар пансионатта 24 орын қарастырылған.
Жобаның жалпы құны 84,3 млрд теңгені құрайды. Құрылыс басталғаннан бері 71,3 млрд теңге игерілген. Нысанды толық аяқтау үшін тағы 13 млрд теңге қажет. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қажетті қаражатты бөлуге жәрдем көрсету туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарына хат жолдады.
Орталыққа орнатылатын жабдықтардың жалпы құны 41,6 млрд теңге болса, оның 36,2 млрд теңгесі медициналық жабдықтарға тиесілі. Бүгінде нысанға жалпы құны 26,6 млрд теңгенің құрал-жабдықтары жеткізілді.
Қалған технологиялық жабдықтарды тамыз айында жеткізу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарын биыл қыркүйек айында толық аяқтау көзделген.