Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Мүгедектігі бар адамдар шипажайды Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өздері таңдай алады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 26 тамыз, 2026 | 11:30
1 мин. - оқу уақыты

Мүгедектігі бар адамдар шипажайды Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өздері таңдай алады

Бұл қызмет мемлекет қаржысы есебінен тегін беріледі

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Ем алу мүмкіндігі адамның денсаулық жағдайына және медициналық көрсеткіштеріне қарай анықталады. Бұл қызмет мүгедектігі бар адамның жеке оңалту бағдарламасына енгізіледі. Осыдан кейін азамат өзіне қолайлы жерді Әлеуметтік қызметтер порталынан өзі таңдай алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Порталда қызмет алушы шипажайда ем көрсететін ұйымдар туралы ақпаратпен таныса алады. Әр ұйымның қандай жағдай ұсынатынын көріп, өзіне қолайлы нұсқаны таңдайды.

Мемлекет шипажайда емделу ақысын белгіленген сома шегінде төлейді. Егер таңдалған қызметтің құны осы сомадан аспаса, азамат емді тегін алады. Ал бағасы белгіленген сомадан жоғары шипажайды таңдаған жағдайда, айырмасын азаматтың өзі төлеуіне болады.

Порталда санаторийлерге қойылатын белгілі бір талаптар қарастырылған. Соның бірі – мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді жағдай жасау. Адамның ғимарат ішінде еркін әрі кедергісіз қозғалуына қажетті жағдайлар жасалуға тиіс. Оның ішінде пандустар, мүгедектігі бар адамдарға бейімделген бөлмелер мен санитарлық орындар және басқа да қажетті жағдайлар болуы керек.

Медициналық көрсеткіштеріне қарай шипажайда әртүрлі емдеу және сауықтыру шаралары жүргізіледі. Олардың қатарында физиотерапия, бальнеологиялық ем-шаралар, емдік дене шынықтыру және басқа да қалпына келтіру процедуралары бар. Мұндай ем-шаралар оңалту кезінде қол жеткізген нәтижені сақтауға, адамның өзін жақсы сезінуіне және күнделікті белсенділігін жалғастыруына көмектеседі.

2026 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 76 876 мүгедектігі бар адам шипажайда ем алды. Биыл мұндай қызметке қажеттілік білдіргендердің жалпы саны 147 809 адамды құрайды. Ем алушыларды санаторийге қабылдау жыл бойы, белгіленген кезеңдерге сәйкес ұйымдастырылады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.