Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Мажар компаниясы Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 22 қараша, 2025 | 17:12
2 мин. - оқу уақыты

Мажар компаниясы Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр

Компания Қазақстанда төрт зауыт салуды жоспарлап отыр

gov.kz
gov.kz

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек директорлар кеңесінің төрағасы Акош Варга бастаған мажар «UBM Group» компаниясының басшылығымен кездесті. 

Кездесу барысында «UBM Group» компаниясы Алматы және Қостанай облыстарында премикс және құрама жем зауыттарын салу жобаларының жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берді. Инвесторлар серіктестермен келіссөздердің жай-күйі, бірлескен кәсіпорындар құру, дайындық жұмыстары және бірінші кезеңді іске асырудың келісілген кестесі бойынша келесі қадамдар туралы хабарлады.

Бірінші кезеңнің аясында компания 58 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салып, екі зауыттың құрылысын жоспарлап отыр. Өндірістік қуат жылына 48 мың тонна премикс және 200 мың тонна құрама жем болмақ. Өнім Қазақстан, ЕАЭО және Қытай нарықтарына бағытталады.

Компания «AsiaAgroFood» АҚ-мен («KazFoodProducts» тобы) премикс өндіру бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды және «Eco Broiler Ltd» компаниясымен Қостанай облысында құрама жем зауытын салу жөніндегі келіссөздерді аяқтап келеді. Сонымен қатар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен Инвестициялар туралы келісімге қол қою мәселесі талқылануда.

«UBM Group» жобасы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі қайта өңдеу секторын күшейтіп, жем-шөп базасының сапасын арттырады және импортқа тәуелділікті азайтады деп жоспарланған.

Өз кезегінде А.Варга жоспарланған жобаның Қазақстандағы өнеркәсіптік көлемде премикс өндіретін алғашқы және ең ірі құрама жем өндіруші кәсіпорын болатынын, бұл елдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі өңдеу деңгейін сапалы жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.

Кездесу барысында тараптар инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімдерін таңдау, газ және электр желілеріне қосылу, сондай-ақ жобаны іске асырудың келесі кезеңдері бойынша мәселелерді талқылады. «UBM Group» жоспарына сәйкес, алғашқы зауыттардың іске қосылуы 2027 жылдың I тоқсанына жоспарланған.

Сонымен қатар компания екінші кезеңде Қарағанды және Түркістан облыстарында тағы екі құрама жем зауытының құрылысын бастауды жоспарлап отырғанын растады.

Дереккөз: СІМ

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.