Қазақстанның Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Францияның Азаматтық авиация ұлттық мектебінің (ENAC) директоры Оливье Шансу және оның орынбасары Николя Калазиспен кездесті.
Кездесу барысында Еуропаның жетекші авиациялық мамандар даярлау орталығымен Астанада еуропалық деңгейдегі өңірлік авиациялық оқу орталығын ашу мәселелері талқыланды. Аталған орталық азаматтық авиация саласындағы заманауи білім беру стандарттарының өңірлік орталығына айналмақ.
«Елде мұндай оқу орталығының болуы саланың шетелдік оқу ұйымдарына тәуелділігін азайтып, елімізде білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық сондай-ақ саланың отандық кадрларын жүйелі түрде даярлауға және тәжірибе, білім мен халықаралық практикалар алмасуға бағытталатын болады», делінген ведомство ақпаратында.
Сонымен қатар министрлікте елдің азаматтық авиациясы тұрақты өсім көрсетіп келе жатқаны айтылды: жыл сайын жолаушылар ағыны артып, маршруттық желі кеңеюде, инфрақұрылым жаңғыртылуда және әуе кемелер паркі өсуде. Бұл процестерді қолдау үшін елге тұрақты түрде білікті мамандар қажет.
«Отандық авиация саласының жыл сайынғы қажеттілігі шамамен 500–600 маманды — ұшқыштарды, инженерлерді, әуе қозғалысын басқару диспетчерлерін, жерүсті қызметкерлерін және басқа да негізгі бағыттар бойынша мамандарды құрайды», деп қосты министрлікте.
Алайда Қазақстанда жұмыс істеп тұрған авиациялық оқу орталықтары Еуропалық ұшулар қауіпсіздігі агенттігі (EASA) белгілейтін озық еуропалық стандарттарға сәйкес келмейді. Айта кету керек, Азаматтық авиация ұлттық мектебі (ENAC) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО), Еуропалық ұшулар қауіпсіздігі агенттігі (EASA), Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) және Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI) талаптарына толық сәйкес келетін жалғыз оқу орны болып табылады.
Бұл бастама Қазақстанның азаматтық авиация саласында жоғары білікті кадрлардың тапшылығын жоюға және оның алдын алуға бағытталған, сондай-ақ бұл ұшулар қауіпсіздігін арттыруға, мемлекеттік қадағалаудың тиімділігін күшейтуге және елдің авиациялық инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.
Сапар аясында ENAC басшылығы оқу орнының негізгі нысандарына таныстыру экскурсиясын өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар осы мәселе бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
Азаматтық авиация ұлттық мектебі (ENAC) 1946 жылы Тулуза қаласында құрылған. Бүгінде ENAC әлемнің 117-ден астам елімен ынтымақтастық орнатқан және 350-ден астам оқу және біліктілікті арттыру бағдарламаларын жүзеге асырады.
Дереккөз: Көлік министрлігі