Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қытай инвесторларының көмегімен көмірден газ өндіру қолға алынады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 09 желтоқсан, 2025 | 09:14
1 мин. - оқу уақыты

Қытай инвесторларының көмегімен көмірден газ өндіру қолға алынады

«CHN Energy Development Co. Limited» және Shandong Energy Group секілді ірі компаниялардың көмір-химия кешенін салу және көмірден газ өндіру жобалары талқыланды

ҚР Энергетика министрлігі
ҚР Энергетика министрлігі

ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтың төрағалығымен көмір-химия өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңес жұмысына «CHN Energy Development Co. Limited» өкілдігі, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Qarmet» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС секілді жетекші көмір кәсіпорындарының басшылары, сондай-ақ «QazaqGaz» Ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС, «Еуразиялық топ» ЖШС және «Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығы» өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп көмір-химия өнеркәсібін дамытуға бағытталған перспективалық бағыттарды бағалау және жобаларды талдау жұмыстарын бастады.

Кеңес барысында қатысушылар өзекті мәселелерді қарастырып, саланы одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын ұсынды, сондай-ақ ірі компаниялар – «CHN Energy Development Co. Limited»-тің көмір-химия кешенін салу жөніндегі және Shandong Energy Group-тың көмірден газ өндіру жобалары талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша көмір химиясын дамыту жөніндегі жұмыс тобының құрамы жаңартылып, қытайлық инвесторлармен бірлескен нақты жобалар мен көмір разрездері айқындалды. Сондай-ақ саланың дамуын тежеп тұрған мәселелерді жүйелі шешу жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленді. Министрлік жұмыс тобын, инвесторларды және технологиялық әріптестерді тұрақты түрде жинап отырмақ.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.