Қазақстандық ғалымдар «жасыл сутегі» өндіруге арналған алғашқы отандық пилоттық қондырғыны жасап, іске қосты. Жүйе толықтай жел генераторлары мен күн панельдерінен қуат алады. Қондырғының өзегін Nazarbayev University жанындағы National Laboratory Astana зертханасының инновациялық катализаторлары мен инженерлік шешімдері құрайды.
Жоба Қытайдың Zhejiang H2-Bank Technology Co., Ltd компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Шетелдік серіктес қазақстандық ғалымдардың патенттелген иридий оксидіне негізделген жоғары тиімді анод катализаторын коммерциялық жүйеге енгізуге көмектесті. Мұндай қаптама электролиз кезінде суды тиімді бөлуге мүмкіндік береді және қондырғының жалпы өнімділігін арттырады.
Жасалған платформа сутегіні жаңартылатын энергия арқылы өндірудің толық процесін көрсетеді: күн мен жел энергиясы электрге айналып, су электролизіне жұмсалады. Алынған сутегі энергия тасымалдаушы ретінде сақталып, болашақта көлік, жанармай элементтері, генераторлар, тыңайтқыш өндірісі, металлургия және мұнай-газ секторында қолданылуы мүмкін. Қазіргі кезеңде өндірілген сутегі зертханалық мақсатта пайдаланылады – қондырғы үш сағат ішінде 6 текше метрлік баллонды толтыра алады.
«Жоба Қазақстандағы сутегі технологияларын тәжірибелік деңгейге шығаратын маңызды белеске айналды. «Фотокатализатор ұнтақтарынан басталған зерттеу бүгінде ашық ортада жұмыс істейтін өнеркәсіптік жүйеге ұласты», – деді NU профессоры, зертхана жетекшісі Нұршат Нұражы.
Бастапқы кезеңде команда күн энергиясын тиімді пайдаланатын фотокатализаторларды әзірлеп, суды фотокаталитикалық бөлу тетіктерін зерттеумен айналысқан. Жоба соңында зертханалық тәжірибелер нақты өндірістік жағдайға бейімделген прототиптерге айналды.
Сутегі өндіру тобының жетекшісі Ерболат Мағазов серіктестік халықаралық стандарттарға сай өнеркәсіптік жүйе құруға жол ашқанын атап өтті.
«Бұл – Қазақстанда жаңартылатын сутегіні өндіруге арналған алғашқы ірі жүйелердің бірі. Ол отандық ғылыми әзірлемелердің нақты нәтижесін көрсетеді», – деді ол.
2024 жылы Үкімет сутегі энергетикасын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасын бекітіп, төмен көміртекті экономикаға көшу бағытындағы негізгі басымдықтардың біріне айналдырды. Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2020–2025 жылдарға арналған мақсатты бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Зерттеушілер Атырау университеті, Қарағанды университеті, KMG Engineering, Жапонияның Токай университеті, АҚШ-тағы Уичито және Массачусетс университеттерімен ынтымақтасып келеді.
Бағдарлама аясында ғалымдар 40-тан астам ғылыми мақала жариялап, 7 патент алып, жасыл сутегі саласы бойынша жаңа буын мамандарын даярлады. Қазір команда фотоактивті материалдар мен катализаторларды жақсартуды және жүйе архитектурасын дамыту жұмыстарын жалғастыруда. Ғалымдардың айтуынша, қазіргі пилоттық қондырғы – болашақта ел аумағында кеңінен қолдануға болатын үлкен технологиялық жүйенің шағын үлгісі.
Мұндай жобалар Қазақстанға таза экология, қауіпсіз өндіріс және жаңа жоғары технологиялы жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі