Жетісу облысында алдағы екі жылда 30 өнеркәсіп жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның ішінде Талдықорған қаласында қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу зауытының құрылысы көзделген. Жоба «Жасыл Жетісу» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырылады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте хабарлады.
Өңір басшысының мәліметінше, Кербұлақ ауданында құны 1,3 трлн теңге болатын «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс компаниясы» мега-жобасының құрылысы басталды. Жоба аяқталғаннан кейін 2 230 тұрақты жұмыс орны ашылады, құрылыс 2028 жылы аяқталмақ.
Сонымен қатар Талдықорғанда тегістегіш болат шар шығаратын «ME-ELECMETAL» зауытының құрылысы жүріп жатыр.
«Жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемі 5%-ға артады деп күтілуде. Біздің басты мақсатымыз – инвестиция тарта отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу, дайын өнімді өңдеу және оны ішкі және сыртқы нарықтарға шығару», – деп атап өтті Бейбіт Исабаев.
Дереккөз: Жетісу облысының әкімдігі