Соңғы екі жылда Қазақстанда су шаруашылығы саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 579 млрд теңгеге жеткен. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 2025 жылы ел аумағында су саласына қатысты 145 жоба іске асырылуда. Сонымен қатар шамамен 300 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Қазіргі уақытта Алматы облысындағы Қызылағаш және Абай облысындағы Шар су қоймаларын қайта жаңғырту, сондай-ақ Астана су қоймасын кешенді тазартудың алғашқы кезеңі толық аяқталған.
Биыл Қапшағай су қоймасын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасы 58 жылда алғаш рет күрделі жаңғыртудан өтеді.
«2024 жылы Ақтөбе су қоймасының реконструкциясы аяқталып, сондай-ақ бес жыл бойы тоқтап тұрған Қызылорда су торабын жаңғырту жұмыстары қайта жалғасын тапты», деді Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар қазіргі таңда 469 мыңнан астам адам тұратын 224 елді мекенді сумен қамтамасыз ететін 13 топтық су құбыры нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 32 мың халқы бар 43 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады.
Ведомство басшысы ирригациялық инфрақұрылымға қатысты жұмыстар да жеделдетілгенін атап өтті. Оның сөзінше, соңғы екі жылда суару арналарының механикалық тазалау көлемі айтарлықтай өсіп, жылдық орташа қарқын 1,5 мың шақырымға дейін артты. Бұдан бөлек, биыл жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарынан өткен 700 шақырымнан астам ирригациялық желіні пайдалануға беру көзделген.
2026 жылы Ислам даму банкінің қаржыландыруымен Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында үш жаңа су қоймасының құрылысы басталады. Сонымен қатар Жамбыл және Түркістан облыстарында екі су қоймасы қайта жаңғыртылады. Оңтүстік өңірлерде жалпы ұзындығы 986 шақырым болатын 103 каналға қатысты 96 жобаны реконструкциялау және автоматтандыру жұмыстары да қолға алынады.
Қазір Шу өзеніндегі Фурманов айналма каналы соңғы 40 жылда алғаш рет механикалық тазалаудан өтіп жатқаны да айтылды. Сондай-ақ Түркістан облысында «Қарақуыс» және «Бәйдібек-ата» су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр. Аталған нысандар 2026 жылы іске қосылып, қосымша 69 млн текше метрге жуық су жинауға мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.
Министрдің мәліметінше, соңғы екі жылда су шаруашылығы саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 579 млрд теңгеге жеткен. Қазіргі уақытта министрлік шетелдік серіктестермен жеті келісімге және 30-дан астам ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.
Олардың қатарында Қытай компанияларымен Жамбыл облысында смарт-технологиялар өндіретін зауыт салу жөніндегі 20 млн долларлық жоба, сондай-ақ Азия даму банкімен Есіл қарсы реттегішінің құрылысына қаржы бөлу туралы келісім бар. Бұл нысан 873 млн текше метрге дейін тасқын су жинап, Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендерді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Үкімет