Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Тоқаев БҰҰ университетінде дәріс оқып, Алматыда өңірлік филиал ашуды ұсынды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 19 желтоқсан, 2025 | 14:47
2 мин. - оқу уақыты

Тоқаев БҰҰ университетінде дәріс оқып, Алматыда өңірлік филиал ашуды ұсынды

Президент жаһандық қауіпсіздік пен тұрақты даму туралы айтты

Ақорда
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласында орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінде (БҰҰУ) дәріс оқыды. Мемлекет басшысының баяндамасы «Дүрбелеңге толы дәуірдегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымы» тақырыбына арналды.

Президент бұл аудиторияда дәріс оқыған аймақ көшбасшылары арасындағы алғашқы мемлекет басшысы болуын Қазақстанның халықаралық беделінің артуымен байланыстырды. Оның айтуынша, бұл елдің мультилатерализмді дамытуға және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ұстанымына көрсетілген сенімнің белгісі.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы менің өмірімде ерекше орын алады. Өйткені осы Ұйымда Бас хатшының орынбасары және Женевадағы өкілдіктің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымдарын атқару бақытына ие болдым», деді Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы университет ұжымын БҰҰУ-дың 50 жылдық мерейтойымен құттықтап, оқу орнының жаһандық деңгейде қолданбалы шешімдер әзірлеуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Дәріс барысында Президент өзінің басқару қағидаттары мен жапон мәдениетіндегі құндылықтардың үндестігіне назар аударды. Үйлесім, парасаттылық және жауапты көшбасшылықты ол ұзақмерзімді тұрақтылықтың негізі ретінде атап өтті. Бұл қағидаттардың Қазақстанның сыртқы саясатында жүйелі түрде көрініс тауып отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде білім беру мен академиялық ынтымақтастықты дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде атады. Осы орайда ол Алматы қаласында БҰҰ университетінің өңірлік филиалын ашуды ұсынды. Филиал қызметі су және климат қауіпсіздігі, қақтығыстардың алдын алу, бітімгерлік, орнықты даму және жасанды интеллектіні реттеу мәселелеріне бағытталуы мүмкін.

«...Әлемнің өзгеруін жеделдететін бастамаларды қолдаймын. Бұл басымдықтар БҰҰ университетінің миссиясына толық сай келеді. Биыл Қазақстанда Орталық Азия және Ауғанстанға арналған БҰҰ орнықты даму орталығы ашылды. Қазақстан осы алаңның негізінде Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруға әзір. Оның қызметін, ең алдымен, су және климат қауіпсіздігі, қақтығыстарды реттеу, бітімгерлік, орнықты даму мен жасанды интеллектіні басқару мәселелеріне бағыттауға болады», деді Қазақстан Президенті.

Сөз соңында Қ.Тоқаев Қазақстанның БҰҰ университетімен және отандық жетекші жоғары оқу орындарымен ғылыми зерттеулер, академиялық алмасу және кадр даярлау бағыттарындағы институционалдық серіктестікті кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының университеті -БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен құрылған халықаралық ғылыми-білім беру орталығы. Университеттің штаб-пәтері Токиода орналасқан, ал оның құрылымына әлемнің 12 еліндегі 13 институт кіреді.

Дереккөз: Ақорда

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.