Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова Астанада орналасқан жоғары технологиялық QR System кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Сапар барысында вице-министр компанияның өндірістік қуаттарымен, технологиялық процестерімен, локализация деңгейімен және шығарылатын өнімдерімен танысты. Сондай-ақ, кәсіпорын басшылығымен электронды өндірісті дамыту, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және саланың болашағы жөнінде пікір алмасты.
QR System 2022 жылдан бері жұмыс істейді және әртүрлі күрделіліктегі радиоэлектронды өнімдерді өндіруге маманданған. Кәсіпорын автоматты өрт дабылы жүйелерін, бейнебақылау камераларын, домофон жүйелерін, «ақылды үй» құрылғыларын, сондай-ақ ресурстарды есепке алу құралдары мен жүйелерін шығарады.
Қазіргі уақытта кәсіпорында 40-тан астам өнім түрі өндіріледі, ал жылдық өндірістік қуаты 1 миллион бірліктен асады. Жобаға салынған инвестиция көлемі 3 млрд теңгеден артық. Компания елдің өңдеу өнеркәсібінің дамуына үлес қосып, өндірістік инфрақұрылымды жүйелі түрде кеңейтуде.
Сонымен қатар, QR System «Dynamics Tech» ЖШС-мен серіктестікте су және жылу есептегіштерін келісімшарттық негізде өндіруді бастады. Бұл бастама өнім желісін кеңейтуге, өндіріс көлемін арттыруға және Қазақстанда радиоэлектронды өнімдерді локализациялау деңгейін тереңдетуге бағытталған.
Аталған жоба жоғары технологиялық өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Дереккөз: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі