Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар қоғам өміріне қатысудың жаңа формасын қалыптастырды. Бүгінде азаматтық белсенділік міндетті түрде көшеге шығумен немесе ресми жиналыстарға қатысумен шектелмейді. Пікір қалдыру, шолу жазу, қоғамдық қызмет сапасына баға беру немесе қаладағы мәселе туралы цифрлық платформалар арқылы хабарлау да – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Алғаш қарағанда мұндай әрекеттер ұсақ болып көрінуі мүмкін. Алайда дәл осы кішкентай цифрлық қадамдар қоғамдағы ашықтықты, сенімді және өзара жауапкершілікті күшейтеді. Бұл іс-әрекетке зерттеу тұрғысынан қарайтын болсақ, мұнда позитивті бейбітшіліктің негізгі элементтері жатыр. Позитивті бейбітшілік (Positive Peace) ұғымы бейбітшілікті тек зорлық-зомбылықтың жоқтығы емес, әділетті институттар, белсенді азаматтық, инклюзия, сенім және әлеуметтік байланыстар бар жағдай ретінде қарастырады (Cremin & Bevington, 2017; Galtung, 1969). Ал Positive Peace Education (PPE) – осы құндылықтарды білім беру және қоғамдық тәжірибе арқылы дамытуға бағытталған тәсіл.
Цифрлық белсенділік PPE тұрғысынан қарағанда, азаматтардың өз ортасына немқұрайлы қарамауын, дауыс беруін, диалог жүргізуін және ортақ кеңістік үшін жауапкершілік алуын қолдайды. UNESCO мен OECD баяндамалары цифрлық азаматтық пен медиасауаттылықтың демократия, әлеуметтік тұрақтылық және қоғамдық сенім үшін маңызын ерекше атап өтеді (UNESCO, 2023; OECD, 2023). Жаңалықтарға назар салсақ, Қазақстан контексінде де цифрлық азаматтық біртіндеп дамып келеді. «Цифрлық белсенділік танытқандарға сыйлық беру» сияқты шағын бастамалар мен жастарды цифрландыру арқылы дамыту жолы жобалары азаматтарға мемлекеттік сервистерді пайдалану, қоғамдық мәселелерді көтеру және белсенділікке қатысуға мүмкіндік береді. Бұл – PPE-нің «әділетті институттар» және «қоғамдық жауапкершілік» компоненттеріне сәйкес келеді (1-кесте. Цифрлық әрекет пен PPE байланысы).
“Іс – сөзден маңызды” демекші, мен де өз ортамда шағын, бірақ мағыналы әрекеттердің қаншалықты әсерлі бола алатынын жиі байқаймын. Бірі дүкендер мен қызметтер туралы егжей-тегжейлі пікір қалдырып, басқаларға саналы таңдау жасауға көмектеседі. Бірі өз ауданындағы мәселені цифрлық платформа арқылы хабарлап, нақты нәтиже көреді. Бұл – позитивті бейбітшіліктің күнделікті өмірдегі көрінісі. Жай шағым жеткіліксіз болуы мүмкін. Ал жүйелі өтініш, пікір мен ақпарат тарату нақты өзгеріске әкеледі. Осыны түсінген соң, мен де 2GIS, Kaspi Shop сияқты қызметтерге пікір қалдыруды әдетке айналдыруды жүйелеп келемін.
Кішкентай цифрлық әрекеттер біріге келе үлкен ықпалға айналады. Олар қауымдастықты нығайтып, ашықтық пен сенім мәдениетін қалыптастырады. Дегенмен, бұл тек «лайк» немесе «пікір» жазу ғана емес – біз өз тәжірибемізді, байқауларымызды және сыни ойымызды бөлісу арқылы қоғамға нақты өзгеріс енгізе аламыз. PPE тұрғысынан бұл – оқушылар мен жастарға қақтығысты бейбіт жолмен шешуді, конструктивті кері байланыс беруді және әлеуметтік әділеттілік үшін жауапкершілікті дамытуға мүмкіндік береді.
Яғни, цифрлық белсенділік тек әрекет емес, ол сезім мен ойдың, сыни талдау мен жауапкершіліктің үйлесімі. Мұндай белсенділік арқылы біз қоғамның әрбір мүшесі өз даусын тыңдата алатын, түсіністік пен сенімге негізделген орта құра аламыз. Сондықтан кішкентай қадамдар – нақты өзгеріске сыни, конструктивті және белсенді қатысудың бастамасы.
Автор: Айзат Арыстанбек, білім беру және позитивті бейбітшілік саласында сарапшы, зерттеуші