Қызылорда қаласында ірі инфрақұрылымдық жоба – қуаттылығы 240 мегаватт болатын жаңа жылу-электр орталығы пайдалануға берілді. Жобаны AKSA Energy түрік энергетикалық компаниясы жүзеге асырды. Инвестиция көлемі 215 млрд теңгені құрады.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бұл нысан тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды энергетикалық жобалардың бірі екенін атап өтті.
«Жаңа орталық 240 мегаватт электр қуатын, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Электр энергиясымен өңірімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік туады», – деді Н. Нәлібаев.
Оның айтуынша, жобаны іске асыру аясында инфрақұрылымдық дайындыққа да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бюджет есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырым газ құбыры тартылды. ЖЭО-ның жобалық-сметалық құжаттамасы 2023 жылы әзірленіп, құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталған.
Инвестициялық келісімге сәйкес нысанды іске қосу 2026 жылдың тамызына жоспарланған болатын. Алайда жоба Мемлекет басшысының тікелей бақылауында болғандықтан, станция мерзімінен бұрын пайдалануға берілген. Қазіргі таңда 176 МВт электр энергиясын өндіретін газ турбинасы іске қосылған. Ал 2026 жылдың басында бу турбинасын енгізу арқылы қосымша 95 МВт электр қуатын өндіру көзделіп отыр.
Соңғы жылдары өңірде электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жалпы құны 24,2 млрд теңге болатын 71 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде тозған электр желілерінің үлесі 60,8%-ға дейін қысқарды.
Сонымен қатар Қызылорда облысында энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі күшейту жоспары бар. Мемлекет басшысының Катарға сапары барысында қол жеткізілген келісімдер аясында қуаттылығы 1100 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу бойынша жобалау жұмыстары басталды. Қазірдің өзінде 250 гектар жер телімі бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр.
Аталған жоба шеңберінде «Қызылорда – Жезқазған» және «Қызылорда – Шымкент» бағыттары бойынша 500 кВ жоғары кернеулі электр желілерін салу, сондай-ақ ұзындығы 1,5 мың шақырымды құрайтын «Бейнеу – Шымкент» газ құбырының екінші желісін тарту жоспарланған. Жобаның жалпы құны 3 трлн теңгеге бағаланып отыр, оның 1,7 трлн теңгеге жуық бөлігі Қызылорда облысының аумағынан өтетін газ инфрақұрылымына тиесілі.
Дереккөз: Қызылорда облысы әкімдігі