Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда бірыңғай қаржы омбудсманы іске қосылмақ
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 23 желтоқсан, 2025 | 13:27
2 мин. - оқу уақыты

Қазақстанда бірыңғай қаржы омбудсманы іске қосылмақ

Жаңа тетік банктер, сақтандыру және микроқаржы ұйымдарымен дауларды сотқа жеткізбей шешуді көздейді

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Қазақстанда қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды сотқа дейін реттейтін бірыңғай институт құру жоспарланып отыр. Бұл бастама Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеп жатқан «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасында көзделген.

Жаңа модельге сәйкес, қаржы ұйымынан алынған жауап тұтынушыны қанағаттандырмаған немесе белгіленген мерзімде мүлде жауап берілмеген жағдайда, азаматтар мен шағын бизнес өкілдері Қаржы омбудсманының бірыңғай қызметіне жүгіну құқығына ие болады.

Бірыңғай қаржы омбудсманы қаржы нарығындағы дауларды қараудың негізгі сотқа дейінгі алаңына айналмақ. Ол тұтынушылар мен қаржы ұйымдары арасындағы мүліктік талаптарды қарап, орындауға міндетті шешімдер қабылдайды. Егер дау осы деңгейде шешілмесе, тұтынушының сотқа жүгіну құқығы сақталады.

Сотқа дейінгі реттеу тетігі банктермен, микроқаржы ұйымдарымен, коллекторлық агенттіктермен, сақтандыру компанияларымен және брокерлік ұйымдармен туындайтын дауларға қолданылады. Бұл қатарға кредит шарттарының талаптарын өзгертуге қатысты келіспеушіліктер, міндетті және ерікті сақтандыру мәселелері, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы қызмет көрсету шарттарынан туындайтын талаптар кіреді.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылар ұғымына жеке тұлғалармен қатар шағын кәсіпкерлік субъектілері де енгізіледі. Сонымен бірге сақтандыру секторында сақтандыру ұйымдарының өзара дауларын қарау мүмкіндігі де қарастырылған.

Сонымен қатар жаңа құрылымның басқару жүйесі де қайта қалыптастырылады.

Қаржы реттеушісі омбудсмандардың кәсіби қызметіне қойылатын талаптарды белгілеп, корпоративтік басқару стандарттарының сақталуын және қаржы ұйымдарының шешімдерді орындауын қадағалайды.

Реттеуші органның бағалауынша, бұл механизм сот жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, агенттіктің ресурстарын қаржы нарығын дамыту мен қадағалауға бағыттауға мүмкіндік береді. Ұсынылып отырған модель халықаралық озық тәжірибеге сай және тұтынушылардың өтініштерін қараудың үш деңгейлі жүйесіне негізделген. Соған сәйкес тұтынушы қаржы ұйымына жүгіну, қаржы омбудсманына өтініш беру және қажет болған жағдайда агенттікке шағымдана алады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.