QazaqGaz Батыс Қазақстандағы Саралжын учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын бастайды. Компания Энергетика министрлігімен Батыс Қазақстан облысының Казталов, Бөкей Орда және Жаңғала аудандарын қамтитын Саралжын перспективалы учаскесін пайдалануға беру туралы келісімге қол қойды.
«Саралжын учаскесі көмірсутектердің жаңа қорларын ашу мүмкіндігі жоғары перспективалы аудан саналады. Алдағы геологиялық барлау жұмыстары ҚР үшін аса маңызды Каспий маңы шөгінді бассейнінің орталық бөлігінің геологиялық құрылымын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді», делінген Энергетика министрлігі таратқан ақпаратта.
Келісім шарт аясында геологиялық барлаудың толық циклі іске асырылады. Жоспарланған жұмыстар қатарына сейсмикалық зерттеулер жүргізу, іздеу және барлау ұңғымаларын бұрғылау, сондай-ақ учаскені кейінгі кезеңде өнеркәсіптік игеру әлеуетін бағалау кіреді.
Компания мәліметінше, барлық жұмыстар экологиялық талаптар мен өндірістік қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтай отырып орындалады. Жобаны іске асыру QazaqGaz-дың ресурс базасын ұлғайтуға, сондай-ақ елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі болып отыр.
Дереккөз: Энергетика министрлігі