Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Брыңғай медициналық көмек пакеті – 2026 жылы МӘМС-те тағы не өзгереді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 25 желтоқсан, 2025 | 10:49
3 мин. - оқу уақыты

Брыңғай медициналық көмек пакеті – 2026 жылы МӘМС-те тағы не өзгереді

МӘМС-те жарналарды есептеу базасының жоғарғы шегі ұлғаяды, әлеуметтік жағдайы төмен 1 млн азамат қосымша қамтылады, 4 әлеуметтік маңызды ауру толықтай МӘМС-ке көшіріледі және тағы бірнеше елеулі өзгерістер бар

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Диагностика саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді кеңейту, халықты медициналық сақтандырумен қамтуды арттыру және денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту алдағы өзгерістердің негізгі мақсаты болғалы отыр. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының МӘМС жүйесінде болатын өзгерістерге қатысты денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова баспасөз жиынында мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Бірыңғай медициналық көмек пакетін кезең-кезеңімен енгізу басталады. Өзгерістер 2025 жылғы 14 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған Заң аясында жүзеге асырылады. Жаңа тәсіл денсаулық сақтау саласындағы негізгі мемлекеттік кепілдіктерді орындауға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, барлық қатысушылар үшін ортақ әрі әділ жауапкершілікті қамтамасыз етуге және жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қалыптастыруға бағытталған.

Вице-министрдің атап өтуінше, Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Президент Жолдауында көзделген және үздік халықаралық тәжірибелерге негізделген. Бұл ТМККК мен МӘМС пакеттері арасындағы қызметтердің қайталануын жойып, олардың аражігін нақты ажыратуға, сондай-ақ пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін медициналық қызметтердің тізімін ашық әрі түсінікті етуге мүмкіндік береді.

Ерте диагностика мен скрининг – барлық азаматтарға қолжетімді

2026 жылдың қаңтарынан бастап Бірыңғай медициналық көмек пакетіне кезең-кезеңімен көшу төмендегідей мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:

Бірыңғай медициналық көмек пакеті аясында МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар үшін онкологиялық ауруларды, артериялық гипертензияны, ишемиялық жүрек ауруын, глаукоманы және қант диабетін ерте анықтауға арналған скринингтер қолжетімді болады.

ТМККК пакеті шеңберінде онкоскринингтердің қолжетімділігі қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтап, уақытылы емдеуге мүмкіндік береді. Ал жүрек-қан тамырлары аурулары, глаукома және қант диабетін ерте анықтау асқынулардың алдын алып, мүгедектік деңгейін төмендетуге жағдай жасайды.

11 әлеуметтік маңызды ауруды диагностикалау ТМККК аясында жүргізіледі

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМККК шеңберінде 11 әлеуметтік маңызды ауруға күдік туындаған жағдайда диагностикалау қолжетімді болады. Олардың қатарында туберкулез, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, қатерлі ісіктердің ерте сатылары, өткір миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай), сирек кездесетін аурулар, эпилепсия, инсульттер және өзге де ауыр жағдайлар бар.

Қазіргі таңда ТМККК аясында тек туберкулез бен АИТВ-инфекциясы диагностикаланса, қалған әлеуметтік маңызды аурулар МӘМС жүйесі арқылы анықталып келеді.

Осылайша, сақтандырылмаған азаматтар да базалық медициналық көмек пакетіне қол жеткізе алады. Бұл пакетке емхана деңгейіндегі алғашқы медициналық көмек, вакцинация, артериялық гипертензияны, ишемиялық жүрек ауруын, глаукоманы, қант диабетін, сүт безі, жатыр мойны және колоректалды обырды ерте анықтауға арналған скринингтер, 11 әлеуметтік маңызды ауруға күдік кезінде диагностика, шұғыл және жедел медициналық көмек, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жұқпалы аурулар кезіндегі ем, қан препараттары, паллиативтік көмек пен ауыр науқастарға ұзақ мерзімді күтім кіреді.

МӘМС жүйесіндегі өзгерістер және қаржылық тұрақтылық

2026 жылдан бастап қазіргі 13 әлеуметтік маңызды аурудың төртеуі МӘМС жүйесіне көшеді. Олар – қант диабеті, балалар церебральды сал ауруы, қосылыстық тіндердің жүйелік зақымдануы және ревматизм. Бұл аурулар динамикалық бақылаудағы жағдайлар тізіміне енгізіліп, медициналық көмек толық көлемде МӘМС аясында көрсетіледі.

Сонымен қатар, МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жарналар мен аударымдарды есептеу базасының жоғарғы шегі ұлғайтылмақ. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметкерлер үшін – 20 АЕК-ке дейін, жұмыс берушілер үшін – 40 АЕК-ке дейін көтеріледі. Бұл ретте жарна мөлшерлемелері өзгермейді, тек есептелетін табыстың жоғарғы шегі артады. Нәтижесінде 2026 жылы жүйеге шамамен 200 млрд теңге қосымша қаржы түседі деп күтілуде.

Әлия Рустемованың айтуынша, бұл өзгеріс тек жоғары табысы бар 20 мыңға жуық қызметкерге, яғни жалдамалы жұмыскерлердің 0,3%-ына ғана әсер етеді. Ал қызметкерлердің 91%-ы үшін жағдай өзгеріссіз қалады.

Әлеуметтік осал топтар мен жеңілдік мерзімі

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесі жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік жағдайы дағдарыстық немесе шұғыл деңгейде деп танылған (D және E санаттары) шамамен 1 млн азаматты қосымша қамтиды. Бұл ел халқының тағы 5%-ына жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, МӘМС жарналарын үздіксіз бес жыл төлеген азаматтар үшін төлемдер уақытша тоқтаған жағдайда сақтандырылған мәртебені сақтау мерзімі үш айдан алты айға дейін ұзартылды.

Қазіргі уақытта МӘМС жүйесінде 16,9 млн адам сақтандырылған, бұл Қазақстан халқының 82,6%-ын құрайды. Олардың шамамен 12 миллионы мемлекет төлейтін жеңілдік санаттарына жатады. Ал жүйеден тыс қалған 3,4 млн азамат айына 4 250 теңге немесе жылына 51 мың теңге төлеп, медициналық сақтандыру пакетіне қосыла алады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.