Қазақстанда қысқы жолдарды күтіп-ұстауда ас тұзын қолдануға тыйым салынды. Бұл топыраққа, жасыл желекке және қалалық экожүйеге зиян келтіретін хлоридтердің әсерін шектеу мақсатында енгізілді. Осыған байланысты жолдар мен тротуарларды қысқы кезеңде өңдеудің баламалы шешімдері өзекті мәселе болып отыр.
Қазжол ҒЗИ сарапшыларының мәліметінше, соңғы жылдары елімізде заманауи тайғаққа қарсы технологияларды енгізуге жүйелі көзқарас қалыптасты. «Жол саласында қолданылатын барлық жаңа материалдар мен технологиялар сапасы тексерілген және тиімділігі дәлелденген шешімдерді іріктеу мен бақылауға арналған Жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасында міндетті түрде тіркеуден өтеді», – деп атап өтеді мамандар.
Бүгінгі таңда аталған базада шамамен бес отандық тайғаққа қарсы материал тіркелген. Олардың қатарында құрғақ та, сұйық та реагенттер бар, бұл өңірлердің климаттық ерекшеліктерін және көлік желісінің пайдалану жағдайларын ескере отырып, технологияларды икемді таңдауға мүмкіндік береді. Маңыздысы – тіркелген материалдар хлоридтерден таза, бұл жол инфрақұрылымына, инженерлік құрылыстарға және қоршаған ортаға тигізетін әсерін едәуір төмендетеді.
«Тұздан бас тарту – бұл эксперимент емес, қауіпсіз әрі технологиялық шешімдерге саналы түрде көшу. Бүгінде экологияға зиян келтірмей, қажетті ілінісу деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін материалдар қолданыста бар», деп атті институт сарапшылары.
Мамандар тұзға баламалардың қалалық жолдарды қысқы күтіп-ұстаудағы тәжірибені жаңартуға, қауіпсіздікті төмендетпей, экологиялық заңнама талаптарын орындауға мүмкіндік беретінін ерекше атап көрсетеді.
«Жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасы тапсырыс берушілердің теорияға емес, Қазақстан жағдайына бейімделген, сынақтан өткен және ұсынылған шешімдерге сүйенуі үшін құрылған», деп түсіндірді институт өкілдері.
Қысқы жол күтіміндегі жаңа тәсілдердің өзектілігі ҚР СТ 4036–2025 «Елді мекендердің көшелері. Көктайғаққа қарсы материалдар. Техникалық талаптар» ұлттық стандартының қабылдануымен артты. Бұл құжат қалалық ортада қолданылатын материалдарға қойылатын бірізді талаптарды бекітіп, жүйелі енгізудің негізін қалайды.