Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда ағаш материалдарының айналымы цифрлық бақылауға көшеді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 30 желтоқсан, 2025 | 10:36
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстанда ағаш материалдарының айналымы цифрлық бақылауға көшеді

Орман өнімдерін есепке алудың ұлттық жүйесі кезең-кезеңімен іске қосылады

facebook / Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі
facebook / Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Қазақстанда ағаш материалдарын есепке алу мен қадағалаудың жаңа жүйесі іске қосылуға дайындалып жатыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.

Жоба орман ресурстарын заңсыз пайдалануға тосқауыл қоюға және ағаш өнімдерінің көлеңкелі айналымын қысқартуға бағытталған.

Ведомство соңғы жылдары мемлекеттік орман қоры аумағында қашықтықтан зондтау технологиялары белсенді қолданылып жатқанын атап өтті. Бұл тәсіл орманды заңсыз кесу фактілерін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді: 2010 жылы 664 құқықбұзушылық тіркелсе, 2015 жылы олардың саны 522-ге дейін төмендеді, 2020 жылы – 386, ал 2025 жылы 197 жағдай ғана анықталған. Соған қарамастан, ағаштың заңсыз айналымын толық жою мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.

Осы тәуекелдерді азайту үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі ағаш материалдарын электронды таңбалау бойынша халықаралық тәжірибені зерттеді. Атап айтқанда, мұндай жүйе Беларусьта ағаш өнімдерінің көлеңкелі нарығын жоюға мүмкіндік берген. Осы тәжірибені негізге ала отырып, ведомство «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Қазақстанда ағаш материалдарының қозғалысын бақылауға арналған ұлттық цифрлық жүйені әзірлеуді бастады.

Жобаның пилоттық нұсқасы 2025 жылғы 29 желтоқсанда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында сыналды. Талқылау барысында ағаш материалдарының қозғалысын бақылаудың қолданыстағы тетіктері, жүйені жетілдіру жолдары және реттеушілік әсерді бағалау мәселелері қаралды. Пилот нәтижелері жүйені кеңейтіп, ағаш материалдарын таңбалауды ел аумағында кезең-кезеңімен енгізу мүмкіндігін көрсетті.

Жаңа жүйе ағаш кесуден бастап өңдеу мен тасымалдауға дейінгі барлық кезеңді қамтып, өнімнің заңды шығу тегін нақтылауға мүмкіндік береді. Бұл орман ресурстарын басқаруда ашықтықты арттырып қана қоймай, заңды кәсіпкерлер үшін әділ бәсекелестік жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Бұған дейін Қазақстанда сыра нарығы цифрлық бақылауға көшетіні хабарланған болатын. 2026 жылдан бастап сыраға міндетті цифрлық таңбалау күшіне енеді. Сонымен қатар келесі жылы мотор майлары, кейін жеңіл өнеркәсіп тауарлары таңбалана бастайды. Сауда министрлігі алдағы жылдары зергерлік бұйымдар, косметика, тұрмыстық химия және басқа да санаттар жүйеге қосылуы мүмкін.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.