Қазақстанда тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейту жаңа кезеңге шықты. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап сыра және сыра сусындары міндетті таңбалауға жататын өнімдер қатарына енгізіледі. Бұл талап отандық өндірушілер мен импорттаушылардың барлығына бірдей қолданылады және нарықтағы есеп пен бақылау тетіктерін түбегейлі өзгертпек.
Tañba Бірыңғай таңбалау оператор мәліметінше. жаңа тәртіп кезең-кезеңімен енгізіледі. Алдымен кегтер мен бөтелкелердегі сыра өнімдері таңбаланады, ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаңылтыр банкадағы өнімдер де цифрлық кодсыз айналымға жіберілмейді. Белгіленген мерзімдерден кейін өндірілген немесе елге әкелінген әрбір өнім бірлігі тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде тіркелуі тиіс. Нарыққа шығар алдында Data Matrix коды қойылмаған өнім заңсыз деп танылады.
«Сыра өнімдері акцизделетін тауарларға жатқанына қарамастан, қазіргі уақытта Қазақстанда олар есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалауға жатпайды, яғни орталықтандырылған ақпараттық жүйе жоқ. Нәтижесінде, тұтынушылар тауардың заңды шығу тегі туралы мәліметтердің жеткіліксіздігінен, контрабандалық өнімді сатып алу қаупі бар», делінген оператор ақпаратында.
Цифрлық таңбалау осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Мемлекет үшін негізгі эффект – салықтық тәртіптің күшеюі болмақ. Бұған дейін енгізілген таңбалау тәжірибесі соны дәлелдеді.
Бизнес үшін қысқа мерзімде жаңа талаптар белгілі бір шығындарды талап етеді: жабдықты бейімдеу, ІТ-жүйелерді жаңарту, персоналды оқыту. Алайда ұзақ мерзімді перспективада таңбалау нарықтағы «таза» ойыншылардың үлесін арттырады. Заңсыз өнім ығыстырылған сайын адал өндірушілердің бәсекелік мүмкіндігі күшейеді, ал логистика мен өндірісті жоспарлау деректерге сүйенген нақты модельге көшеді.
Сонымен қатар, тұтынушылар да өзгерісті тікелей сезінеді. Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы сатып алынған өнімнің заңдылығын тексеру мүмкіндігі кеңейеді. Бұл сапасыз немесе контрафактілі өнім тәуекелін азайтып, тұтынушы сенімін арттырады.
Айта кетейік, 2026 жылдан бастап мотор майлары, кейін жеңіл өнеркәсіп тауарлары таңбалана бастайды. Сауда министрлігі алдағы жылдары зергерлік бұйымдар, косметика, тұрмыстық химия және басқа да санаттар жүйеге қосылуы мүмкін.
Еске, салсақ, Қазақстанда тауарларды цифрлық таңбалау жүйесі бес жыл бұрын енгізілді. Ресми деректерге сәйкес, цифрлық таңбалау ең алдымен темекі нарығында айқын фискалдық және бақылау нәтижесін көрсетті. 2020 жылдан бері 6 млрд-тан астам темекі қорабына цифрлық код енгізілген. Тек өткен жылы заңсыз айналымнан жалпы құны 12,8 млрд теңгеге тең 5 млн қорап темекі тәркіленді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 28%-ға жоғары, яғни нарықтағы бақылау тетіктерінің күшейгенін аңғартады.
Салықтық эффект те айқын байқалды. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша акциздік түсімдер 121%-ға өсті. Таңбалау арқылы нүктелік бақылаудың енгізілуі бюджетке шамамен 36 млрд теңге көлемінде қосымша салық түсімін қамтамасыз еткен. Жалпы алғанда, цифрлық таңбалау енгізілгеннен кейін акциздік және ішкі салықтардан түсетін түсімдер 7,8 млрд теңгеден 24,8 млрд теңгеге дейін артқан.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2021 жылдан бері елде 145 млн жұп аяқ киім таңбаланған. Ал 2024 жылғы 1 шілдеден бастап дәрілік заттарды міндетті цифрлық таңбалау күшіне енді. Қазіргі таңда отандық өндірушілермен қатар 300-ге жуық импорттаушы дистрибьютор мен ірі қоймалар жүйеге қосылған.
Бұл шаралар дәрі-дәрмек айналымындағы жүйелік мәселелерді ашып көрсетті. Мәселен, кейбір медициналық ұйымдарда препараттардың қоймада 6 айдан астам уақыт бойы пайдаланылмай тұрғаны анықталған. Сонымен қатар лицензиясы бар, бірақ іс жүзінде қызмет жүргізбейтін 1400-ге жуық бизнес субъектісі тіркелген.