Алматы әкімдігі мегаполистің экологиялық саясатын түбегейлі өзгертетін жаңа Қағидалар жиынтығын таныстырды. Енді қаланың белгілі бір бөліктерінде көлік қозғалысы шектеліп, бизнес нысандарына сүзгі орнату міндеттеледі.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев мәслихат сессиясында «Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын бекіту туралы» шешім жобасын ұсынды. Бұл құжат Алматының «ерекше мәртебесін» пайдалана отырып, қала деңгейінде қабылданған алғашқы дербес экологиялық заң болады.
Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, шығарындылардың 84%-ы – ескі көліктерден болып отыр. Әкімдік жүргізген есептеулер бойынша, Алматы агломерациясындағы жалпы шығарындылар көлемі жылына 225 мың тоннаны құраса, оның 189 мыңы тікелей қаланың үлесінде.
Ең негізгі ластаушы фактор – автокөліктер (жылына 112,7 мың тонна). Ресми деректер бойынша, қаладағы шығарындылардың 84%-ы Евро-0 экологиялық класындағы ескі көліктерге тиесілі. Осыған байланысты, 2025 жылдың қаңтарынан бастап автокөлік шығарындыларының нормадан асуына қатысты жауапкершілік күшейіп, «ескерту» беру институты жойылды.
Әкімдік мегаполистегі шығарындыларды азайту үшін төмен шығарынды аймақ (LEZ) кезең-кезеңімен енгізе отырып аумақты біртіндеп кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл аймақтарда экологиялық нормаға сай емес және тексеруден өтпеген көліктердің қозғалысына тыйым; газ тартылған аудандарда кәсіпкерлер мен жеке үйлерге қатты (көмір) және сұйық отын пайдалануға шектеу, сондай-ақ Қалдықтарды жағуға және пиротехника қолдануға толық тыйым салу сияқты қатаң талаптар енгізіледі.
«Бұл тәсіл реттеу механизмдерін сынауға, әлеуметтік тәуекелдерді азайтуға және тұрғындарға шұғыл шектеулерсіз басқарылатын талаптарға өтуге мүмкіндік береді. ...Мақсат – жаңа тыйымдар енгізу емес, ең ластаушы көліктерді жолдан алып тастау», деді Сматлаев.
Сонымен қатар III санаттағы объектілерге формальды есептен нақты бақылауға көшеді. Бұған дейін экологиялық бақылаудан тыс қалып келген III санаттағы объектілер (шағын өндіріс орындары, СТО, набайханалар және т.б.) енді нақты мониторингке алынады. Атап айтқанда мұндай бизнес нысандар сүзгі орнатуға міндеттеледі. Шығарынды көздерін тазалау құрылғыларынсыз пайдалануға тыйым салынады.
Сонымен қатар бұрынғыдай тек декларация тапсыру жеткіліксіз, енді зертханалық өлшеулер мен орынға барып тексеру процедуралары енгізіледі.
Барлық деректер «қолмен түзетуге» келмейтін біртұтас цифрлық жүйеге жиналады.
«LEZ аймағында экологиялық нормаларға сәйкес келмейтін көлікті пайдалану әкімшілік жауапкершілікті тудырады. Сонымен қатар, тұрғындар мен бизнес үшін қосымша қаржылық шығындар қарастырылмаған – экологиялық тексеру стандартты техникалық байқау құнына кіреді», деп қосты әкім орынбасары.
Оның сөзінше, мониторинг екі бағыт бойынша жүргізіледі: бірі – бизнес пен жеке тұрғын үй секторынан шығарындыларды азайту болса, екіншісі – көлік, ауа сапасы және әлеуметтік-экономикалық факторлар бойынша кешенді талдау негізінде нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуді бақылау. Ал аталған қағиданың тиімділігін бақылау үшін арнайы ақпараттық жүйе іске қосылып, ол мегаполистегі атмосфералық ауаны бақылау және басқарудың біртұтас цифрлық құралы болады.