ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр XINFA GROUP басқарма төрағасының орынбасары Чжао Тинъюнмен Павлодар облысында толық циклді өнеркәсіптік парк салу мәселелерін талқылады, деп хабарлады QazMonitor-ға Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жоба көмір, боксит, мыс, флюорит және әктас сияқты шикізат түрлерін терең өңдеу арқылы жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаруға бағытталған. Атап айтқанда, алюминий және мыс өндіру бойынша металлургиялық кәсіпорындар салу, жаңартылатын энергия көздерін қамтитын энергетикалық инфрақұрылым қалыптастыру, сондай-ақ сода, көміртекті материалдар мен экологиялық құрылыс шешімдерін өндіретін зауыттарды іске қосу жоспарланып отыр.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 15 млрд АҚШ доллары, болашақ индустриялық парктің аумағы 3 мың гектардан асады.
XINFA GROUP басқарма төрағасының орынбасары Чжао Тинъюн компания Қазақстанның боксит, көмір және мыс кен орындарын қоса алғанда, табиғи ресурстық әлеуетіне алдын ала талдау жүргізгенін атап өтті. Оның айтуынша, аталған ресурстар терең өңдеу тізбегін қалыптастыру және қосылған құны жоғары өнім шығару тұрғысынан жоғары өнеркәсіптік әлеуетке ие.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны одан әрі егжей-тегжейлі пысықтауға, индустриялық әріптестікті кеңейтуге және ұзақмерзімді инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін растады.
XINFA GROUP – энергетика, алюминий және химия өнеркәсібі, экологиялық құрылыс пен аграрлық технологиялар саласында әртараптандырылған портфелі бар әлемдегі ірі индустриялық холдингтердің бірі.