Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатын жаңартады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 08 қаңтар, 2026 | 16:17
2 мин. - оқу уақыты

Қазақстан 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатын жаңартады

Жаңа көші-қон саясаты кезең-кезеңімен енгізіледі

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Қазақстанда көші-қон үдерістерін реттеудің жаңа тәсілдері енгізіледі. Үкімет 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасын бекітті. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құжаттың негізгі ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды QazMonitor Үкіметке сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, көші-қон саясаты қазіргі таңда әлеуметтік және экономикалық өзгерістердің маңызды индикаторына айналып отыр. Осыған байланысты көптеген мемлекеттер бұл бағыттағы тәсілдерін қайта қарап жатыр. Қазақстан да көші-қон жүйесін заман талабына сай жаңғыртып, оны ашық әрі айқын етуге ниетті.

2030 жылға дейінгі тұжырымдама 2025 жылғы желтоқсанда қабылданған. Құжатта экономиканың кадрлық қажеттіліктері, азаматтардың мүддесін қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері кешенді түрде қамтылған.

Тұжырымдамада «Заң және Тәртіп» қағидаты негізгі басымдық ретінде белгіленген. Көші-қон талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік мигранттарға да, жұмыс берушілерге де бірдей қолданылады. Қауіпсіздік мәселелері елге кіруден бастап, елден шығуға дейінгі барлық кезеңде қамтамасыз етіледі.

2026 жылғы қаңтардан бастап шетел азаматтары, оның ішінде этникалық қазақтар үшін алдын ала іріктеу тәртібі енгізіледі. Ол мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеруді, цифрлық сауалнаманы, уәкілетті органдардың тексерулерін және әңгімелесуді қамтиды.

Мемлекеттік қолдауға үмітті қандастар үшін жеке тәртіп қарастырылған. Ол үшін қандас мәртебесін рәсімдеп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстану қажет. Бұл өңірлер қатарына Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары кіреді.

Министрдің айтуынша, өңірлік квота аясында көшіп келген қандастармен бес жылға әлеуметтік келісімшарт жасалады. Мемлекет көшуге, тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жұмысқа орналасуға қолдау көрсетеді. Ал келісімшарт мерзімі аяқталмай басқа өңірге қоныс аударған жағдайда көрсетілген қолдауды қайтару талап етіледі.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдаусыз, жалпы тәртіппен тұрақты тұруға рұқсат алу мүмкіндігі де сақталады. Бұл жағдайда қоныстанатын өңірді өз қалауынша таңдауға болады.

Аида Балаеваның айтуынша, жаңа көші-қон саясаты кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл үдерісте қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірі ескеріледі. Цифрлық құралдарды қолдану заңсыз әрекеттер мен жалған құжаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.