Биыл Қазақстандағы тұрғын үй нарығы өсуін жалғастырады, алайда өсім қарқыны біршама баяулайды. Бұл үрдіске 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексі де ықпал ететін болады. Құжат құрылыс компанияларына қойылатын талаптарды қатаңдатып, саладағы бақылауды күшейтеді. Бұл туралы QazMonitor Halyk Finance сарапшысы Арслан Ароновқа сілтеме жасап хабарлайды.
Сарапшының айтуынша, жаңа талаптар қысқа мерзімді кезеңде тұрғын үй бағасының қымбаттауына және сұраныстың ішінара төмендеуіне әкелуі мүмкін. Алайда ұзақ мерзімді перспективада бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын жақсырақ қорғауға және тұрғын үйлердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Өткен жылдың қазан айынан бастап жаңа тұрғын үй бағасының өсу қарқыны инфляция деңгейінен асып түсіп отыр. Бұған үлестік құрылыс ережелерінің қатаңдатылуы себеп болған. Қазіргі таңда мәмілелер тек үлестік қатысу шарттары арқылы жасалады, ал нысандарды жарнамалауға тек кепілдік немесе рұқсат болған жағдайда ғана жол беріледі. Сонымен қатар құрылыс компанияларының жұмысы әкімдіктердің бақылауында.
2025 жылы екінші нарықтағы тұрғын үй бағасының динамикасы да ұқсас болды. Бағалар 14,6%-ға өсіп, инфляция деңгейінен (+12,3%) айтарлықтай жоғары көрсетті. Алматыда екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы бір жыл ішінде 25,4%-ға қымбаттады. Ең төмен өсім Қарағандыда тіркеліп, 2,4%-ды құрады. Ал Қонаев қаласында тұрғын үй бағасы 2024 жылғы деңгейде сақталды.