Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Ғылымнан өндіріске: Қазақстан жасыл сутегі технологиясын коммерцияландыруға дайын
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 22 желтоқсан, 2025 | 14:28
5 мин. - оқу уақыты

Ғылымнан өндіріске: Қазақстан жасыл сутегі технологиясын коммерцияландыруға дайын

Жоба авторы жасыл сутегінің Қазақстан экономикасы үшін маңызын айтты

nu.edu.kz
nu.edu.kz

Қазақстанда жасыл сутегі өндірісін коммерцияландыруға қабілетті отандық технология әзірленді. Назарбаев Университеті базасында жасалған шағын қондырғы қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, ал жобаны 2026 жылы нарыққа шығару жоспарланып отыр. Әзірлеме мұнай-химия, металлургия және тыңайтқыш өндірісі үшін сутегіні қолжетімді әрі көміртексіз баламаға айналдыруды көздейді. Жоба авторы – National Laboratory Astana жетекшісі, NU профессоры Нұршат Нұражы жасыл сутегінің артықшылықтары мен оның Қазақстан экономикасындағы орны туралы айтып берді.

– Жасыл сутегі өндіру идеясы қалай пайда болды?

– Екі жыл бұрын құны 1,3 млрд теңге болатын target program грантын жеңіп алдық. Бағдарлама Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен іске асырылды, мен оның ғылыми жетекшісі әрі директорымын. Негізгі мақсат – сутегіні өндіру және сақтау технологияларын әзірлеу болды. Жоба аясында халықаралық Scopus базасына енген және отандық ғылыми журналдарда 40-тан астам мақала, сондай-ақ қазақ тілінде бес монография жарияланды. Зерттеу нәтижесінде жеті патент алдық. Бағдарламада көзделген барлық көрсеткіштер орындалып қана қоймай, артығымен атқарылды.

Осыдан кейін «неге тек ғылыми нәтижемен шектелмей, Қазақстанда жасыл сутегіні нақты өндіретін жүйе жасамасқа?» деген сұрақ туындады. Осылайша күн энергиясы арқылы суды электролиз әдісімен ыдыратып, жасыл сутегі өндіретін шағын зауыт құру идеясы келді. Бұл – әлемде бар технология, алайда елімізде әлі енгізілмеген. Біз жасаған зауыт – еліміздегі тұңғыш өндіріс.

Қазір елімізде мұндай бастамалар бар. Мәселен, ҚазМұнайГаз Атырауда жасыл сутегі жобасын қарастырып отыр, ал француздық TotalEnergies компаниясы Павлодар немесе Петропавл маңында өндіріс ашу мүмкіндігін зерттеуде. Біз бұл бағытта отандық технология мен жергілікті өндірісті дамыту мақсатында іске кірістік.

– Бұл технология Қазақстан үшін неліктен маңызды?

– Жасыл сутегі, ең алдымен, өнеркәсіп үшін стратегиялық ресурс. Мұнай өңдеуде ауыр көмірсутектерді ыдырату үшін сутегі міндетті түрде қолданылады. Екіншіден, ауыл шаруашылығында тыңайтқыш өндірісінде маңызы зор. Сутегі азотпен реакцияға түсіп, аммиак алынады, ал ол – минералды тыңайтқыштардың негізі. Үшіншіден, металлургия саласында кенді сутегімен тотықсыздандыру арқылы металл өндіруге болады. Яғни бұл – бүгінгі өндіріс циклінде нақты қолданылатын технологиялар. Сонымен қатар Қазақстан 2060 жылға қарай көміртексіздендіруді мақсат етіп отыр және Париж келісіміне қосылған. Көмір мен мұнайға тәуелділікті азайту үшін балама энергия көздері қажет. Солардың ішінде ең перспективалысы – сутегі энергетикасы.

– Жасыл сутегі экологияға қалай әсер етеді?

– Қазір электркөліктер кең тарала бастады. Олардың бір бөлігі fuel cell технологиясына негізделген. Бұл жүйеде сутегі оттегімен реакцияға түсіп, электр энергиясын өндіреді. Нәтижесінде көлік қозғалады, ал сыртқа тек су бөлінеді. Яғни зиянды газдар мен шығарындылар жоқ, атмосфераға әсер етпейді. Сондықтан жасыл сутегі климаттың жылынуына ықпал етпейтін таза энергия көзі ретінде қарастырылады. Осы себепті сутегіні бүгін «келешектің энергиясы» деп атап жүр. Жасыл сутегінің қолданылу аясы кең, әртүрлі салада қажетке пайдалануға болады.

– Сіз жасыл сутегінің пайдасын айтып отырсыз. Одан келер қауіп бар ма?

– Оның қауіпсіз жағымен қатар, қауіпсіздік мәселесі де бар. Негізгі тәуекел – сутегіні сақтау және тасымалдау. Біз бұл бағытта жаңа шешімдер әзірледік. Сутегіні қатты күйде сақтау қауіпсіздікті едәуір арттырады. Мұндай форматта оны сақтау да, тасымалдау да жеңілдейді. Қатты дене дегеніміз кесек ретінде сақтап, оны кез келген жерге қойып, мысалы көлікке салып қоюға болады. Ол сутегіні шығарып, көліктің бензинсіз жүруін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда сутегінің түрі көр: қоңыр, көк, күлгін, ақ, қара сутегі деп кете береді. Оны көбіне көмір мен ұнайдан алады. Ал біз жасыл энергиядан, таза жасыл сутегі өндіреміз. Бұл келешек үшін маңызды.

Сонымен қатар біз арнайы сенсорлар жасап шықтық. Егер сутегі газ күйіне өтіп, қауіпті концентрацияға жетсе, жүйе бірден сигнал береді. Бұл әзірлемелеріміз халықаралық ғылыми журналдарда жарияланды. Өнеркәсіптік деңгейде – мұнай, металлургия, ауыл шаруашылығында жасыл сутегіні қолдану айтарлықтай қауіп тудырмайды. Ал тұрмыстық деңгейде кеңінен енгізу үшін уақыт пен технологияның жетілуі қажет.

– Қондырғының тиімділігі мен өндірістік қуаты қандай?

– Қазіргі таңда біз жасаған шағын зауыт сағатына 2 м³ сутегі өндіреді. Бір баллонды шамамен 2,5 сағатта толтырамыз. Бұл зертханамызды және тұтас Назарбаев Университетінің қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті.

Келесі кезеңде өндірістік қуатты 50–70 м³ деңгейіне дейін арттыра аламыз. Мұнай-химия, болат және тыңайтқыш шығаратын кәсіпорындармен келіссөз жүргізуге дайынбыз. Сұраныс болған жағдайда, ірі көлемде өндіруге мүмкіндік бар.

– Қазіргі күні жасыл сутегіге бизнес тарапынан сұраныс бар ма? Коммерцияландыру қашан басталады?

– Нақты есептер әзірленіп жатыр. 2026 жылдың қаңтарында технологияны коммерцияландыруды жоспарлап отырмыз. Қолданыстағы жүйелермен салыстырғанда біздің қондырғы арзан: Еуропада осындай шешімдер 500 мыңнан 1 млн долларға дейін бағаланады, ал біздің жүйенің құны 100 мың долларға жетпейді. Өндірістік ауқымда баға өзгеруі мүмкін. Ірі компаниялардың сұранысына қарай қажетті зауытты жоспарлап, құрастырып бере аламыз.

– Сіздердің қондырғыларыңыз үшін энергияны күн панелі генерациялайды. Астанада күн күнде шыға бермейді. Ауа райының ерекшелігі ескерілді ме?

– Ауа райының ерекшелігі әлбетте ескерілген. Қазіргі күні бізде тағы бір «Астананың ауа райынан сутегі қалай шығады» деген жобамыз бар. Бұл күн панельдері тек өндіріске ғана емес, зерттеуімізге де көмектесіп жатыр. зерттеуде күннің шығуымен сутегінің шығуын бақылаймыз. Күн радиациясы мен сутегі өндірісінің арақатынасы тұрақты түрде өлшеніп отыр.

– Қазақстан билігі көміртекті бейтарапқа жетуі үшін атом энергиясына үміт артып отыр. Елдегі тұңғыш АЭС салудағы негізгі аргумент те сол болды. Атом энергиясы мен жасыл сутегіні салыстыруға бола ма?

– Атом энергетикасы – қалыптасқан, тұрақты технология. Ол базалық энергия көзі ретінде қажет. Мен атом энергетикасын қолдаймын. Ал жасыл энергия, соның ішінде сутегі – әлі даму кезеңінде. Уақыты келгенде, технология жетілген соң ол негізгі энергия көздерінің біріне айналуы мүмкін. Бұл жерде саясат, экономика және технологиялық дайындық қатар жүруі тиіс. Энергияның барлық түрі қатар дамуы керек деп есептеймін. Мемлекет олардың барлығын бірдей дамуына мүдделі болуы керек.

– Өндіріс тарапынан сұраныс болса, қондырғыны сату үшін жасауға қанша уақыт кетеді?

– Қазіргі түрдегісін шығару оп-оңай. Тұрмыстық мақсатта қолдану туралы айтпаймын. Өндірісте пайдалану үшін келесі жылдан бастап сата аламыз. Бірақ бағасын енді есептеймін. Менің зауытымда көп су кетпейді, күн тақтасы да қымбат емес. Әрі кетсе жарты жыл кететін шығар. Негізі біз ғалымдар ғылыми зерттеу жүргізіп, өндіріс жасап жатқанымызбен оны сату жағынан тәжірибеміз жоқ.

– Егер сіздер жасаған осы технология өндіріске кеңінен енгізілсе, онымен жұмыс істейтін кадрлар жеткілікті ме?

– Қазақстанда білікті мамандар бар, бірақ оларды нақты өндіріс үшін даярлау қажет. Қазақстанға химиктер ғана емес, зауыт жобалай алатын химия-инженерлері керек. Оқу жүйесінде өндірістік ойлау қалыптастыру маңызды. Мамандар дайын болғанда, оларды қабылдайтын өндіріс те қатар дамуы тиіс. Бұл – кадр саясаты мен индустриялық дамудың түйіскен тұсы.

Еске салсақ, 2024 жылы Қазақстан Үкіметі 2030 жылға дейінгі сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасын бекіткен болатын. Құжат елде сутегі энергетикасын дамытуға бағытталған негізгі стратегиялық бағдар ретінде қарастырылады. Тұжырымдамада сутегі өндірісі, сақтау, инфрақұрылым құру және жасыл сутегі өндірісін кеңейтуге қатысты мақсаттар айқындалған. 

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.