Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Қазақ ғалымдары қалдықтан әлемде алғаш рет дәрі жасап шықты
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 09 қаңтар, 2026 | 11:53
3 мин. - оқу уақыты

Қазақ ғалымдары қалдықтан әлемде алғаш рет дәрі жасап шықты

Назарбаев Университетінің ғалымдары күріш пен жүгері қалдығынан бірегей дәрі жасау жолын тапты

Суретте Қыран Қасым/ Фото Айнұр Шошаева
Суретте Қыран Қасым/ Фото Айнұр Шошаева

Назарбаев Университетінің Жаңартылатын энергия көздері зертханасы фармацевтикалық синтез саласында серпінді жаңалық ашты. Отандық ғалымдар күріш қауызы мен жүгері собықтары сияқты ауыл шаруашылығы қалдықтарын пайдалана отырып, гипертония мен ісінуді (едема) емдеуге арналған маңызды екі дәрілік зат - празозин мен фуросемидті синтездеп шықты, деп хабарлайды QazMonitor.

Аталған жетістік әлемде алғаш рет «жасыл химия» қағидаттарын нақты өндірістік қолданыспен біріктіріп отыр. Бұл технология Қазақстанды жаһандық фармацевтикалық инновациялардың көшбасшысы қатарына қосып қана қоймай, университеттерде жеке пән ретінде оқытылуы мүмкін.

Қалдықтан – құнды химиялық затқа

Зерттеу тобының ғылыми қызметкері Қыран Қасымның айтуынша, жобаның негізінде табиғи биомассаны терең өңдеу жатыр:

«Біздің негізгі мақсатымыз - ауыл шаруашылығы қалдықтарынан дәрі-дәрмек алу. Қазіргі таңда біз екі түрлі дәріні дайындап бітірдік. Ол үшін ауыл шаруашылығы қалдықтарын бөліп, химиялық жолмен одан фурфурол деген химиялық зат жасадық. Осы фурфурол арқылы екі бағытта, атап айтқанда, фуросемид және празозин деген дәрілерді алдық. Бұл дәрілердің екеуі де жоғары қан қысымын төмендетуге арналған», деді ол.

Ғалымдардың ерекшелігі - олар процесті дәстүрлі үлкен ыдыстарда емес, дизайнын өздері жасаған үздіксіз ағынды реакторларда жүзеге асырады. Бұл әдіс температураны біркелкі сақтап, реакцияның жылдамдығы мен өнімнің шығымын едәуір арттырады.

Қалдықсыз өндіріс: Отыннан желімге дейін

Зертханада биомассаны кешенді өңдеу зауытының моделі құрылған. Қалдықтан тек дәрі емес, басқа да пайдалы заттар алынады.

«Ауыл шаруашылығы қалдықтарынан тек фурфурол ғана емес, басқа да пайдалы заттар аламыз. Мысалы, целлюлозаны кейбір топтар бактериялар мен спирт арқылы өңдеп, көлікке арналған отын жасайды. Біз гемицеллюлозаны дәрі жасауға бағыттадық, ал лигнин деген затты әріптесіміз Қуаныш Мақпал жаңа технологиямен арнайы желім жасауға қолданып жатыр. Сондықтан біздің жұмысымызды толықтай биомассаны кешенді өңдеу зауыты деп атауға болады. Мұнда ештеңе қалдық болып қалмайды, бәрі пайдаға асады», деп қосты ғалым.

Аграрлық мемлекеттің фармацевтикалық әлеуеті

Қыран Қасым Қазақстанның аграрлық мүмкіндігін ғылымға бағыттаудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан - бидай, күріш, жүгері сияқты дақылдарға бай үлкен аграрлық мемлекет. Бірақ қазіргі таңда диқандар бұл дақылдардың қалдықтарын тиімді пайдаланбайды: оларды не өртеп жібереді, не топыраққа көме салады. Бұл дұрыс емес. Себебі бұл қалдықтардың құрамында тыңайтқыш ретінде пайдалы азот, фосфат немесе калий жоқ. Керісінше, ол жерде бактериялар көбейіп, судың сапасын бұзады. Ал қалдықтарды өртегенде ауаға өте зиянды шығарынды тарайды. Біздің мақсатымыз - Қазақстандағы барлық ауыл шаруашылығы қалдықтарын пайдалы өнімдерге айналдыру», деді ғалым.

Дәрі-дәрмек қауіпсіздігі және өндіріс көлемі

Оның сөзінше, бүгінде Қазақстан қажетті дәрінің 90%-дан астамын сырттан сатып алады. NU ғалымдарының бұл жобасы импортқа тәуелділікті азайтудың нақты жолы болып табылады.

«Қазіргі таңда Қазақстан өзіне қажетті дәрі-дәрмектің 90 пайыздан астамын шетелден дайын күйінде сатып алады.Тіпті отандық фармацевтикалық зауыттардың өзі дәрі жасауға қажетті негізгі шикізатты, яғни белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді (субстанцияларды) Қытайдан немесе Үндістаннан алдыртады. Біздің жобамыздың басты ерекшелігі - біз шикізатты да сырттан алмаймыз. Шикізат ретінде өзіміздің егістік алқаптарымыздан шыққан, ешкімге керексіз болып жатқан ауыл шаруашылығы қалдықтарын пайдалану арқылы шетелдік импортқа тәуелділікті азайта аламыз», деді Қыран Қасым.

National Laboratory Astana Жаңартылатын энергия көздері зертханасы жетекшісі Нұршат Нұражы бұл екі дәріні жасауға қажетті шикізат мұнайдан алынатынын айтады. Болашақта мұнай таусылса, аталған дәріні шығару процессі тоқтап қалуы мүмкін деп есептейді.

«Сондықтан дәріні қайта өндірілетін шикізат көзін пайданалып жасау туралы ойландым. Сөйтіп күріш пен жүгері қабығынан осы екі дәріні жасадық. Қазір тағы бес дәріні жасап шығаруды жоспарлап отырмыз, олар онкология сияқты ауыр дертті емдеуге арналған әрі оның бағасы қымбат дәрілер. Фуросемид пен празозин - Қазақстан импорттап отырған, халық жиі қолданатыны дәрілер. Бұл отандық ғылым үшін керемет жетістік, әлемде жоқ технология. Жаңа «ағымдық химия» деген ғылымды ашып жатырмыз. Бұдан соң дәрі шығаратын зауыттардың құрылысы басқаша болады. Ең бастысы қажетті шикізат өз елімізде бар. Яғни, мұнайдан кейінгі дәуірде дәрі жасау үшін шикізат көзінен қиындық болмайды», деді Нұршат Нұражы.

Ғалымдар бағдарламалық модельдеу арқылы өндіріс қуатын да есептеп көрген. Тиімді жолмен күніне 1 кг таза дәрілік субстанция алуға болатынын айтады. Бұл күніне 500 қорап дайын дәрі шығаруға мүмкіндік береді.

Жоба қазірдің өзінде патенттелген және Үкімет тарапынан қолдау тапты. Бұл бағытты ел экономикасы үшін жаңа индустрия ретінде бағалап отыр. Ғалымдар болашақта бұл технологияны басқа да маңызды медициналық препараттарды алу үшін қолданатынын атап өтті.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.