Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Спорт
  3. Рекорд жаңартқанымды кейін білдім: Әлемді бағындырған мерген Әсем Орынбайдың сұхбаты
  1. Жаңалықтар
  2. Спорт
Astana, Kazakhstan • 18 мамыр, 2026 | 15:33
2 мин. - оқу уақыты

Рекорд жаңартқанымды кейін білдім: Әлемді бағындырған мерген Әсем Орынбайдың сұхбаты

Спортшы ана атанғаннан кейін қалыпқа келу оңай болмағанын айтты

Фото olympic.kz
Фото olympic.kz

Стенд атудан әлем рекордын қайталап, Алматыдағы Әлем кубогында топ жарған Әсем Орынбай Olympic.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында ана атанғаннан кейінгі қиындықтары, алдағы Азия ойындарына дайындығы және басты қарсыластары туралы ашық айтты.

– Қазақстан құрамасында көп жылдан бері өнер көрсетіп келесіз. Осыншама уақыт жоғары деңгейіңізді сақтаудың сыры неде?

– Мен әлі барлық мақсатыма жеттім деп айта алмаймын. Алда бағындыратын белестер көп. Сол мақсаттар мені үнемі алға жетелеп, жігер береді. Әр жарыс сайын өзімді жаңа қырымнан көрсетуге тырысамын.

– Қазір өзіңізді ең үздік бабымдамын деп санайсыз ба?

– Дәл қазір ең үздік бабымдамын деп айта алмаймын. Бірақ сол деңгейге жақындап келемін. Ана атанғаннан кейін бұрынғы қалыпқа оралу оңай болған жоқ. Соған қарамастан, күн сайын өзімді жетілдіруге күш салып жатырмын.

– Алматыдағы жарыста әлем рекордын қайталадыңыз. Сол сәтте қандай эмоцияда болдыңыз?

– Шынымды айтсам, алғашында рекордты қайталағанымды аңғармай қалдым. Ол туралы мүлде ойлаған жоқпын. Кейін диктор хабарлаған кезде ғана түсіндім. Әрине, қатты қуандым. Өйткені, бұл - армандарымның бірі еді.

– 2023 жылғы Әлем кубогының финалындағы көрсеткішті қайта тіркедіңіз. Бұл жолы өнеріңізді қалай бағалайсыз?

– Меніңше, осы жолғы финал 2023 жылғымен салыстырғанда әлдеқайда күштірек өтті. Бірақ финалда нақты қанша ұпай жинадым дегенге аса мән бере бермедім. Мен үшін ең маңыздысы - алтын медаль алып, жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілу еді.

– Қазақстанда, өз жанкүйерлеріңіздің алдында өнер көрсету қаншалықты ерекше әсер сыйлайды?

– Өз елімде өнер көрсету мен үшін қиын. Өйткені жанкүйерлер әрдайым алтын медаль күтеді. Сол сенімді ақтағың келеді.

– Ату кезінде жанкүйерлердің қолдауын сезінесіз бе?

– Әрине, сезінемін. Бұл жолы жанкүйерлердің қолдауы ерекше байқалды. Бұған дейінгі Әлем кубогымен салыстырғанда көрермен саны әлдеқайда көп болды. Тек финалда ғана емес, іріктеу кезеңдеріндегі әр серияда да қолдау көрсетіп отырды.

– Қазір жаттығу барысында қай бағытқа көбірек көңіл бөліп жүрсіздер? Алдағы жоспар қандай?

– Қазір дайындық барысында психологиялық жағдайға ерекше назар аударып жатырмыз. Алда шілде айында Италияда өтетін Әлем кубогы бар. Қазір негізгі дайындық сол жарысқа бағытталған.

– Биыл сіз үшін маусымдағы ең маңызды жарыстар қайсы? Азия ойындарына дайындық басталды ма?

– Осы маусымдағы басты дода - Азия ойындары. Қазірден бастап сол жарысқа тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Сонымен қатар әлем чемпионаты да өте маңызды турнирлердің қатарында.

– Азиядағы бәсекелестік деңгейін қалай бағалайсыз?

– Азия құрлығында ең азулы қарсыластарымыз Қытай құрамасы деп айтуға болады.

Еске сала кетейік, стенд атудан Алматыда өткен Әлем кубогы кезеңінде Әсем Орынбай скит жаттығуында 33 ұпай жинап, Әдель Садақбаеваның тіркеген әлем рекордын қайталап, алтын медаль жеңіп алған еді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.