Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Спорт
  3. Садақ ату арқылы түп-тамырға оралу
  1. Жаңалықтар
  2. Спорт
Astana, Kazakhstan • 22 желтоқсан, 2025 | 14:54
6 мин. - оқу уақыты

Садақ ату арқылы түп-тамырға оралу

Гайния Асуат отбасы дәстүрін өмірлік ісіне қалай айналдырды

Фото: Гайния Асуат
Фото: Гайния Асуат

Спортшы Гайния Асуат барлық бастаманың қалай басталғанын еске алады – ол бірден байқалмай, қарапайым отбасылық хоббиден басталған. Сол кезде әкесінің қолымен жасалған спорттық садақ спорттық құрал емес, отбасының мұрасы болған. Сол қарапайым демалыс әдеті бір күні өмірлік ісіне – өз мектебіне, халықаралық турнирлерге сапарларға, ой мен сананы дәлдікке баулитын философияға айналады деп ешкім ойламаған болатын.

Сұхбатымызда ұлттық садақ ату мектебінің негізін қалаушы Гайния Асуат Қазақстандағы бұл спорт түрінің қалай дамып келе жатқанын, сондай-ақ тамыры терең өнердің қазіргі таңда табандылық, тәртіп пен ішкі еркіндік практикасына қалай айналғанын баяндады.

Қызығушылықтың кәсіпке айналуы

Бәрін әкемнен үйрендім. Біз қолданатын садақты әкем өзі жасайды. Ол дәстүрлі садақ жасауды шамамен он бес жыл бұрын бастаған. Сол уақыттардағы Қазақстанда садақ ату өнерін жандандыру және дамытуды қолға алған алғашқылардың бірі болды. Алғашында бұл таза отбасылық хоббиымыз, жеке ермегіміз секілді ғана болды. Уақыт өте келе ол өмірлік кәсібімізге айналды. Садақ жасау әкемнің әлі күнге дейін ермек етер ісі болса, ал мен үшін бұл толыққанды жұмысқа айналды», – дейді Гайния.

Бастапқыда садақ атуға жай ғана қызығушылықпен қарадым. Уақытша хобби секілді болғанымен, бірте-бірте өзіне баурай берді.

Уақыт өте келе қызығушылық күшейе бастады. Мен Астанада жұмыс істеп, оқып жүргенмін, кейін өзімді жаңа қалада сынап көру үшін Алматыға көшіп келдім. Сол жерде алғаш рет өз ісім туралы, «мен үшін пайдалы әрі шын көңіліммен ұнайтын дүние қайсысы» деп ойландым. Ә дегеннен ойыма садақ келді.

Сол кезде дәстүрлі садақ ату әлі танымал болмаған, бірақ ою-өрнектер, әшекейлер, киімдер, мәдени элементтерді жаңғырту секілді қазақ айдентикасына қызығушылық күшейе бастаған. Мен осы бағытта жұмыс істеймін деп шештім, әрі бәрі де ойдағыдай шықты. Осылайша мектеп ашу идеясы өмірге келді.

Спорт, жарыстар және жетістіктер

Дәстүрлі садақ ату – ресми спорт түрі. Қазір елімізде де, шетелде де көптеген жарыстар өтеді. Әр жыл сайын Қазақстан чемпионаты мен кубогы, облыстық және аймақтық турнирлер ұйымдастырылады.

Біздің Алматыдағы мектебіміз үнемі үздіктер қатарында болып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Күні кеше ғана бапкеріміз күміс медальмен оралды.

Халықаралық деңгейіміз туралы айтсақ, биыл Қазақстан командасы Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласындағы Әлем кубогында бірінші орынды иеленді. Спортшыларымыз керемет нәтиже көрсетті.

Бүгінгі таңда дәстүрлі садақ ату – Қазақстандағы көкпар мен бәйгемен қатар ең жылдам дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Әр ірі қалада бірнеше мектеп бар. Көптеген турнирлерде ақшалай жүлделер тағайындалады, бұл дәстүрлі садақ ату тек мәдени тәжірибе емес, толыққанды бәсекеге қабілетті спортқа айналғанын көрсетеді.

Неліктен садақ ату танымал болуда

Менің ойымша, танымалдық тек эстетикамен немесе этноға деген сәнмен байланысты емес. Жалпы адамдар өз тілдерімен, тамырларымен, тарихымен қайта табысуда. Өз дәстүрін түсіну, өткенді білу және оған байланысын сезіну талабы секілді Ішкі сезімде ұзақ уақыт ұйқыда жатқан нәрсе оянғандай. Осы тұрғыдан дәстүрлі спорт түрлері де қарқынды дамып келеді.

Садақ ату психологиясы: өзіңе сену

Дәстүрлі садақ атуда нақты нысана жоқ. Нүктені бағыттамайсың, траекторияны санмен есептемейсің. Бұл интуитивті техника, және ол ішкі күйге өте қатты әсер етеді.

Іс-әрекет кезінде өзіңе сенім болмаса, қозғалыс дәлдігін жоғалтады. Ішкі тірек болмаса, нәтиже шықпайды. Сондықтан психологиялық тұрақтылық, ішкі тірек, тыныштық маңызды. Бұл тәжірибемен ғана дамиды.

Әр спортшының өзін баптау тәсілі әртүрлі: біреулері бейтарап күйге тез өтеді, кейбіреулері алдын ала сәтсіздікке бойын дайындай бастайды, тағы біреулері өзіне деген сенімін күшейтеді.

Мысалы, жапонның дәстүрлі садақ атуында бастысы – философия. Онда нәтиже емес, процесс маңызды. Мақсат – сәтте болу, нысанаға жетуге емес. Мен біздің балаларымыз да осы тәсілді үйренсін деп қалаймын: ішкі тәртіп болса, нәтиже өздігімен келеді.

Мектебіміздің ұраны – «Әр жүрек – ер жүрек». Мұндағы «ер» – еркек емес, еркін, батыл дегенді білдіреді.

Біз садақ ату ойдан басталады деп үйретеміз. Егер ойың жинақы болмаса – атқан оғың да далаға кетеді. Қауіп-қатерден арылуды, артықты тастауды үйрену қажет. Ой таза болған кезде ғана дәлдік пен бақылау сезімі пайда болады.

Дәстүрлі және спорттық техника айырмашылығы

Айырмашылық жер мен көктей – ең алдымен садақтарында айырма бар. Спорттық садақтарда көздеуіштер мен ату механизмдері секілді заманауи технология қолданылады.

Қарапайым салыстыру жасасақ:

- спорттық садақ – күшейткіші бар электрлі гитара десек,

- дәстүрлі садақ – домбра сияқты.

«Ұрпақтан ұрпаққа беріліп, мәдениетті сақтайтын нәрсе. Әр халықтың өз формасы болды: қазақ, мажар, ассириялық, жапон. Формалар әртүрлі, бірақ рух бір. Қалыптары әртүрлі болғанымен, бірақ рухы бір», – дейді Гайния Асуат.

Әдістері де көп. Көшпенділерде бірнеше стиль болған, соның ішінде ат үстінен ату. Спортшылар көбінесе бір қалыпта, иек астына тіреп атып жатты. Бізде ату биіктігі жоғары, әртүрлі әдістер бар.

Садақты сақинамен ату әдісі өз алдына ерекше. Арнайы сақина саусаққа белгілі бұрышта тағылып, тетіктің ілмегі ретінде қызмет етеді. Саусақ пен тетік арасында байланыс жоқ, сондықтан саусақ жарақат алмайды.

Әр халықтың өз сақиналары болған: ағаш, сүйек, металл. Байлардың – күміспен, алтынмен, инкрустацияланған. Сақиналарда рудың немесе мәртебенің белгісі болуы мүмкін.

Сақинаның басты артықшылығы – жебені бекіту. Ат үстінде қозғалыс жебені қозғап жібереді, үш саусақпен атқанда жебе түсіп қалады. Ал сақина сенімді ұстам береді, сондықтан ат үстіндегі садақшының негізгі құралына айналған.

Үнді-персиялық аралас стиль де бар, оны славяндық деп те атайды. Ол да ат үстінде екі саусақпен ататын әдіс болып келеді.

Қазіргі заманғы садақтар: дәстүрлер мен шеберлер

Қазір әлемде қазақ, мажар, орыс, украин, қытай және басқа да елдерде садақ жасаушы шеберлер көп, Формалар әртүрлі, бірақ әр шебер дәстүрді өз қырынан қайта ойлап шығарады.

Біз мектебімізде өз садақтарымыз бен жебелерімізді қолдануға тырысамыз. Қолғап, қалқан, жебе қорабы, ағаш жебелер, тіректер, белдіктер, барлығын дерлік өзіміз жасаймыз. Металл сақиналар ғана бөлек жасалады.

Киім мен шынайылық

Дәстүрлі садақта толық шынайылық маңызды. Жарыстарда қатысушы етікпен, бас киімге дейін толықтай дәстүрлі киімде болуы шарт. Қыздар – көйлек, шапан, ерлер – камзол, белдік, жилет киеді.

Бұрын, ою-өрнек тігіп, аздап стиль қосып жеңіл етіп тігетін. Қазір тарихты зерттейді, музейлерге барады, киімді барынша шынайы тігіп шығарады. Кейбір елдерде заманауи элементтер болса, жарысқа киімді кіргізбейді.

Фестиваль – ол нағыз мереке. Мысалы, Наурызды алайық. Онда көңіл-күй, киімдер, ойын-сауықпен қатар, шағын турнирлер ұйымдастырылады. Бұл да жарыс, бірақ көлемі шағындау.

Чемпионаттар, кубоктар, облыстық жарыстардан тұратын турнир – ерекше сайыстар. Мұнда 50, 60, 70, 90 метрлік қашықтықтарда бақ сыналады. Дайындық және жауапкершілік деңгейі өзгеше.

Дәстүрлі садақ ату қалай дамып жатыр

Жыл бойы турнирлер өтеді, дәстүрлі маусым көктемнен күзге дейін жалғасады. Қыста да қалаларда шағын және толық жарыстар ұйымдастырылып тұрады.

Қатысушылар саны жыл өткен сайын өсуде. Соңғы жарыста біздің өзімізден 500 спортшымыз болды – бұрын-соңды мұндай болмаған. Қызығушылық тек қазақстандықтардың тарапынан ғана емес, шетелдіктер арасында өсуде. Мысалы, бізде қазақ дәстүрін көру үшін арнайы келген италиялық қатысушы болды. Жазда Алматыда көп болмаймыз – бір қаладан екінші қалаға, турнирден турнирге сапарда жүреміз. Балалар жарыстары да белсенді дамып келеді.

Бүгінде Қазақстан әлемнің үздік үш елінің қатарына кіреді. Түркияда өткен әйгілі турнирде біздің спортшылар алғаш рет бірінші орын алды. Оңтүстік Кореядағы Әлем кубогында да солай.

Қауымдастықтың керегесі біртіндеп кеңейіп келеді. Бір елдер футбол немесе жекпе-жек спортымен танымал болса, Қазақстан спорт түрі, мәдени код және ұлттық идентификацияның бір бөлігі ретінде садақ ату арқылы танылуды мақсат етіп отыр.

Неліктен дәстүрлі садақ ату тәжірибесін көру қажет

Өмірінде бірде бір рет садақ атып көрмеген адам бар болса, мен оған өзіңізді сынап көріңіз. Өйткені садақ ату ең бастысы – өзіңе сенуді үйретеді дегім келеді.

Садақ атқан сәтте адам өзінің жинақы, сабырлы, сенімді ме, әлде керісінше ме, шынайы тұлғасын көреді Бұл өзін тереңірек танудың керемет тәсілі.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.