Қазақстан спортшыларының қысқы Олимпиада ойындарына дайындығына 13,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы 2026 жылы Италияда өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық туралы Үкімет отырысында баяндама жасаған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Оның айтуынша, ел құрамасы қысқы Олимпиадада спорттың 10 түрінен 98 лицензия алуды жоспарлап отыр. Спортшыларды сапалы дайындау үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден қомақты қаражат бөлінген.
«Қаржыландырудың жалпы көлемі 13,3 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде 585 миллион теңге – федерациялардың қаражаты. 5,3 миллиард теңге – республикалық бюджеттен, 6,2 миллиард теңге – жергілікті бюджеттен, ал 1,2 миллиард теңге Туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан бөлінді», деді министр.
Сонымен қатар ведомство басшысы Италияның Милан мен Кортина-д'Ампеццо қаласында өтетін Олимпиада ойындарына 35 қазақстандық спортшы қатысатынын айтты. Еске салсақ, бұған дейінгі қысқы ойындарға Қазақстан атынан 34 спортшы қатысқан болатын.
Сондай-ақ Мырзабосынов Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен ұлттық құрамалардың бас жаттықтырушылар құрамы бекітілгенін айтты. Оның сөзінше, жаттықтырушылар штабына әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына қатысу тәжірибесі бар жоғары деңгейдегі мамандар енгізілді.
«Атлеттерімізді сапалы дайындау үшін мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлоннан Германия, Нидерланды, Испания, Словения, Польша, Ресей мен Балерусь елдерінен топ-деңгейдегі 13 шетелдік жаттықтырушы-кеңесші тартылды», деп қосты ол.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан құрамасының алдағы ойындарда киетін спорттық киімі таныстырылыған болатын. Спорт министрлігі құраманың киімі демеушілер есебінен алынғанын хабарлады.