APEC PetroTechnic жоғары колледжі базасында AI Lab+ жасанды интеллект зертханасы іске қосылды, деп хабарлайды QazMonitor.
AI Lab+ зертханасының ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижесі болды. Қазіргі уақытта екі ел арасында студенттер алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ «Цифрлық Жібек жолы» бағытында бастамаларды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Зертхана студенттердің жасанды интеллект, робототехника, компьютерлік көру және басқа да цифрлық технологиялар салаларындағы практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Мұнда білім алушылар өндірістік ортаға барынша жақын жағдайда тәжірибе жинақтай алады.
Сонымен қатар зертхана бірнеше заманауи оқу-зертханалық кешендермен жабдықталған. Атап айтқанда, жасанды интеллект құрылғыларына арналған кешен студенттерге бейне мен дыбысты тану, сондай-ақ «ақылды кампус» жүйелерін әзірлеуді меңгеруге мүмкіндік береді. Ал роботталған бақылау кешені өндірістік процестерді модельдеуге жағдай жасайды.
Бұған қоса ROS негізіндегі автономды көлік платформасы мобильді роботтар мен автономды басқару жүйелерін тәжірибе жүзінде зерттеуге жол ашады.