Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Микроқаржылық қызметті жүзеге асыру шарттарына қойылатын талаптарды бекіту туралы» басқарма қаулысының жобасын әзірледі. Құжат микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) адал мінез-құлқын қамтамасыз етуге, қаржылық өнімдер шарттарының ашықтығын арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды QazMonitor.
Жобада агенттік осыған дейін микроқаржы ұйымдарының тұтынушылармен өзара іс-қимылының жекелеген аспектілерін реттеген бес нормативтік құқықтық актінің талаптарын біріңғай құжатқа біріктіруді ұсынып отыр. Бұл нарық қатысушылары үшін талаптарды түсінікті әрі бірізді етуге тиіс.
Қаулы жобасына сәйкес, тұтынушымен өзара іс-қимылдың барлық кезеңдерінде қаржылық өнімдер туралы ақпаратты ашуға бірыңғай талаптар белгіленеді. Сондай-ақ жарнамада және цифрлық арналарда ұсынылатын ақпараттың мазмұны мен форматына қатысты талаптар күшейтіледі.
Құжатта мінез-құлықтық қадағалауды дамытуға бағытталған жаңа реттеу элементтері де қарастырылған. Атап айтқанда, адал мінез-құлық қағидаттарын бекіту, шарт жасасуға дейін қарыздың негізгі талаптары көрсетілген негізгі ақпараттық құжатты ұсыну және қаржылық өнімнің тұтынушы үшін жарамдылығына бағалау жүргізу міндеттеледі. Бұл талаптар жауапты микрокредиттеу қағидаттарын енгізуге бағытталған.
Сонымен қатар жоба жосықсыз практикалардың түрлері мен белгілерін, оларды анықтау тәртібін және берешекті өндіріп алу кезіндегі жауапты іскерлік практикаларға қойылатын талаптарды айқындайды. Атап айтқанда, қарыз алушылармен өзара іс-қимылды міндетті түрде аудио- және бейнетіркеу нормасы енгізіледі.