Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтардың төлем карталарын олардың еркінен тыс бұғаттаумен байланысты телефон-алаяқтық деректері жиілегенін мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Ведомствоның хабарлауынша, қаскөйлер азаматтардың жеке деректерін ашық дереккөздерден — фишингтік сайттардан, қоғамдық орындардағы сауалнамалардан, әлеуметтік желілер мен маркетплейстерден жинайды. Осы мәліметтерді пайдаланып, олар қаржы ұйымдарының байланыс орталығына клиенттің атынан хабарласып, банк картасының «жоғалғанын» айтып, оны бұғаттатуға себеп болады.
Осыдан кейін алаяқтар азаматтың өзіне қоңырау шалып, өзін банктің немесе құқық қорғау органының қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырады. «Картаны бұғаттан шығарамыз» немесе «ақшаны қауіпсіз шотқа аударамыз» деген желеумен олар SMS-кодты, интернет-банкинг паролін, сондай-ақ CVV/CVC-код секілді құпия ақпараттарды сұрайды.
Ұлттық Банк банкоматтардың жанында күмәнді адамдардың да әрекет ететінін ескертеді. Олар «картам бұғатталды», «картам зақымданды» немесе «лимитім таусылды» деген сылтаумен үшінші біреудің шотына ақша аударуға көмек сұрап, сыйақы ұсынуы мүмкін. Мұндай әрекеттер заңға қайшы болып саналады және дропперлік схема ретінде бағалануы ықтимал.
Қалай сақтануға болады?
Егер карта бұғатталса, оның артқы бетінде немесе мобильді қосымшада көрсетілген ресми нөмір арқылы банктің колл-орталығына тікелей хабарласу қажет.
Қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан SMS арқылы келген кодты, парольді сұрамайды және телефонға қашықтан басқару қосымшасын орнатуды талап етпейді.