Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстандықтар электрлі және гибрид көліктерді жаппай таңдай бастады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 27 наурыз, 2026 | 09:49
2 мин. - оқу уақыты

Қазақстандықтар электрлі және гибрид көліктерді жаппай таңдай бастады

Қазақстанда NEV автокөліктерінің сатылымы 4,2 есе өсті

Rathaphon Nanthapreecha/Pexels
Rathaphon Nanthapreecha/Pexels

Қазақстанда электрокөліктер мен гибридтердің сатылымы қарқынды өсіп келеді, деп хабарлайды QazMonitor.

«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) дерегінше, биыл қаңтар мен ақпан айларында ресми дилерлер жаңа энергия көздерін пайдаланатын (NEV) 708 жеңіл автокөлік сатқан. Оның ішінде 438-і – қуатталатын гибридтер, ал 270-і – толық электрлі көліктер. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2 есе жоғары көрсеткіш.

Екі ай қорытындысы бойынша NEV автокөліктерінің жаңа автомобильдер нарығындағы үлесі 2,6%-ға жетті. Сонымен қатар, 2026 жылғы қаңтар-ақпан айларында ресми дилерлер дәстүрлі гибридті (HEV) 107 автокөлік сатқан. Олардың басым бөлігі Toyota маркасына тиесілі. Мұндай гибридтер сыртқы қуаттауды қажет етпейді және іштен жану қозғалтқышы мен электрқозғалтқышты қатар пайдаланып, қозғалыс жағдайына байланысты автоматты түрде ауысып отырады.

Қазақстандағы жаңа энергия көздеріндегі автокөліктер нарығы қарқынды дамуын жалғастыруда. Егер 2024 жылы елде 1 083 электромобиль сатылса, 2025 жылы дилерлер NEV сегментінде 4 242 автокөлік өткізген. Биыл тұтынушылық сұраныста өзгерістер байқалады: жаңа брендтердің пайда болуымен қазақстандықтар электр көлігінің артықшылықтары мен дәстүрлі қозғалтқыштың ыңғайлылығын үйлестіретін қуатталатын гибридтерді жиі таңдай бастады.

Екі ай қорытындысы бойынша ең жоғары сұранысқа ие болған – BYD электрокөліктері мен гибридтері. Дилерлер 428 автокөлік сатқан. Екінші орынға Қазақстан нарығына жуырда ғана ресми түрде кірген қытайлық Li Auto бренді шықты – 164 бірлік. Үшінші орында – Zeekr (42 автокөлік). Ал алғашқы бестікті Geely Galaxy (28 бірлік) және ROX (20 гибридті кроссовер) қорытындылайды.

Жыл басында аса танымал болған 10 NEV модель қатарында BYD Song Plus DM-i (127 бірлік) гибриді көш бастады. Екінші сатыға BYD Yuan Up электрлі кроссовері (121 бірлік) орналасты. Үшінші орынды Li L6 (102 бірлік), төртіншісін BYD Chazor гибриді (87 бірлік) иеленсе, бестікті BYD Song Plus EV (63 бірлік) түйіндеді.

Тізімге сондай-ақ Li L7 (41 бірлік), BYD Sealion 7 (27 бірлік), Geely Galaxy EX5 EM-i (25 бірлік), ROX 01 (20 бірлік) және Zeekr X (20 бірлік) кірді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.