Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Іс лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және пара алу фактілері бойынша қозғалған, деп хабарлайды QazMonitor.
Тергеу деректеріне сәйкес, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» жеке тұлғалардың табыстары туралы деректердің бірыңғай мемлекеттік операторы болып табылады. Бұл ақпарат қаржы ұйымдары үшін қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалауда негізгі дереккөз саналады.
Аталған мәліметтерді пайдаланатын негізгі ұйымдар – «Мемлекеттік кредиттік бюро» және «Бірінші кредиттік бюро». Алайда 2020 жылы орталықтың бұрынғы президенті Д. Аргандыков пен «Бірінші кредиттік бюро» бас директоры Р. Омаров арасында заңсыз келісім жасалғаны анықталған.
Соның нәтижесінде «Бірінші кредиттік бюро» қызметтен түсетін табыстың үлесін 30%-дан 35%-ға дейін арттырған. Ал «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» үлесі керісінше 70%-дан 65%-ға дейін төмендеген.
Тергеу барысында «Бірінші кредиттік бюроға» артықшылық беретін техникалық схема да әшкереленді. Атап айтқанда, сұраныстарды жедел өңдейтін арнайы сервис орнатылып, ал «Мемлекеттік кредиттік бюро» жүйесіне керісінше, өңдеуді баяулататын зиянды бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілген.
Осының салдарынан мемлекетке 2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.
Сонымен қатар, 2025 жылдың маусымында Аргандыков пен Омаровтың орталықтың қазіргі басшысы А. Сарбасовқа 75 мың АҚШ доллары көлемінде пара бергені анықталған. Тергеу мәліметінше, бұл қаражат заңсыз табыс табу схемасын сақтап қалу үшін берілген.
Күдіктілер ұсталып, сот санкциясымен олардың 1 млрд теңгеден астам мүліктеріне және бағалы қағаздарына тыйым салынды. Қазіргі уақытта іс материалдары тараптарға танысу үшін жолданған.