Алматы облысының Қарасай ауданында металл конструкциялары мен тауарлық бетон өндіретін «Almaty W. S.» зауыты пайдалануға берілді. Жобаға 4,7 млрд теңге инвестиция тартылып, кәсіпорында 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылды, деп хабарлады QazMonitor облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жылдық өндірістік қуаты 10 мың тонна металл конструкциясы мен 300 мың текше метр тауарлық бетонды құрайтын кәсіпорында сондай-ақ сэндвич-панельдер, профнастил, модульдік ғимараттар, цемент блоктары, тротуар плиталары, терезелер мен есіктер шығарылады.
Қазір өнімнің 60%-ы Алматы қаласы мен облысына жеткізілсе, қалған бөлігі Шымкентке және еліміздің батыс өңірлеріне жөнелтіледі. Алдағы уақытта кәсіпорын өнімін экспортқа шығару жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде Қырғызстан мен Өзбекстаннан тапсырыстар түсе бастаған.
Жоба Қытай инвесторларының қаржысына жүзеге асырылды. Зауыт құрылысы 2025 жылдың наурызында басталып, сол жылдың желтоқсанында аяқталған. Осы уақыт ішінде мұнда 200 мың текше метр бетон мен 6 мың тонна металл конструкциясы өндірілген.
Кәсіпорын басшылығы алдағы кезеңде жаңа өндіріс бағыттарын іске қосып, жұмыс орындарының санын көбейтуді жоспарлап отыр.