Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. «70%-дан асуы мүмкін»: Сарапшы алдағы Құрылтай сайлауына қатысты болжам жасады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 13 тамыз, 2026 | 15:29
2 мин. - оқу уақыты

«70%-дан асуы мүмкін»: Сарапшы алдағы Құрылтай сайлауына қатысты болжам жасады

Сарапшы партиялардың белсенділігі артып, ақпараттық науқан қарқынды жүргізіліп жатыр деп есептейді

Фото: kisi.kz
Фото: kisi.kz

Алдағы Құрылтай сайлауындағы сайлаушылардың қатысу деңгейі 2023 жылғы Парламент сайлауындағы көрсеткіштен жоғары болуы мүмкін. Бұған қазіргі сайлау науқанының белсендірек өтуі, партиялар арасындағы бәсекенің күшеюі және халықтың әртүрлі топтарының электоралдық үдеріске кеңінен тартылуы ықпал етуде. Бұл туралы Алматыда өткен, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңында Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова мәлімдеді.

А. Сәдуақасованың айтуынша, бұл көрсеткіштер азаматтардың сайлауға қатысу деңгейі әр сайлау науқанының сипатына байланысты өзгеретінін көрсетеді. Қарастырылып отырған кезеңде президенттік сайлауларда белсенділік деңгейі жоғары болған. Мұнда дауыс берудің жеке тұлғаға бағытталған сипатының маңызы бар.

Сонымен қатар қазіргі Парламент сайлауы жаңа жағдайларда өтіп жатыр. Партиялардың белсенділігі артты, сайлаушыларды ақпараттандыруда теледебаттар мен цифрлық коммуникациялар маңызды рөл атқаруда, ал сайлаудың күн тәртібі бұрынғыдан да қарқынды сипатқа ие болуда. Мұның барлығы азаматтардың дауыс беруге қатысуына қосымша алғышарттар қалыптастырады.

Қазіргі әлеуметтанулық зерттеулер де электоралдық белсенділіктің жоғары әлеуетін көрсетіп отыр: түрлі зерттеу нәтижелеріне сәйкес, 23 тамызда өтетін сайлауға қатысуға респонденттердің 70,3–75,6 пайызы дайын екенін мәлімдеген.

Сарапшының пікірінше, азаматтардың сайлауға қатысуына бірқатар факторлар ықпал етеді. Олардың қатарында тұрғылықты жері, саяси институттарға деген сенім деңгейі, ақпараттың қолжетімділігі, саяси үдерістерге ықпал ете алатынын сезініуі және сайлаудағы бәсекелестік деңгейін қабылдауы бар.

Қазіргі сайлау форматы да қосымша маңызға ие. Бұл сайлауда азаматтар партиялық тізімдер бойынша дауыс береді. Осыған байланысты партиялық брендтің танымалдығы, жалпыұлттық науқанның сапасы, теледебаттар және саяси күштердің сайлаушылардың әртүрлі топтарымен тікелей жұмыс істеуінің рөлі арта түседі.

А. Сәдуақасованың пікірінше, партиялардың бүкіл сайлау науқаны барысында азаматтардың қызығушылығын сақтап, саяси күн тәртібіне деген назарды нақты сайлауға қатысуға айналдыра білуі 23 тамыздағы сайлаушылардың түпкілікті қатысу деңгейін айқындайтын негізгі факторлардың бірі болады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.