ЭҚС-тардың ең көп саны Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан – 12-ден. Ақмола және Қарағанды облыстарында 8-ден станция жұмыс істейді. Сонымен қатар ЭҚС желісі Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарын қамтиды, деп хабарлайды QazMonitor көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Станциялар елдегі негізгі көлік бағыттары бойынша орналастырылған. Мәселен, «Астана – Алматы» автожолының бойында 13 ЭҚС, «Астана – Петропавл» бағытында 7, ал «Алматы – Өскемен» трассасында 6 станция бар.
Халықаралық көлік дәліздері бойындағы зарядтау инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында 19 электр көлігін қуаттандыру станциясы орнатылған.
Қолданыстағы ЭҚС-тардың қуаты 60-тан 320 кВт-қа дейін жетеді. Бұл электромобиль иелеріне негізгі республикалық және халықаралық бағыттар бойынша сапарларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
ЭҚС желісін одан әрі кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 27 жаңа автожанармай құю станциясын салу көзделген. Электр көліктерін қуаттандыру станцияларын да осы нысандардың аумағында орналастыру жоспарланып отыр.
Мысалы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында 7 жаңа ЭҚС орнату жоспарланған.
Көлік министрлігі жол саласындағы ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа нысандар салу және қолданыстағы объектілерді ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта жол бойындағы сервис нысандарының жеке инвесторлары мен иелерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.