Қазақстан Үкіметі шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа бірыңғай тетігі – «Іскер аймақ» бағдарламасын бекітті. Бағдарлама ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуға, өндірістік белсенділікті арттыруға және өңірлік экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында атап өтілгендей, жаңа бағдарлама классикалық субсидиялау тәсілінен бас тартып, өңірлердің ортақ жауапкершілігіне негізделген модельді енгізуді көздейді. Бектеновтің айтуынша, басты мақсат – тек қаржыландыруды ұсыну емес, нақты өндірістерді іске қосып, өнім шығару көлемінің тұрақты өсіміне қол жеткізу.
Бағдарламаны қаржыландыру Қаржы министрлігіне жүктелді. Сонымен қатар жергілікті бюджеттер есебінен қоса қаржыландыру тетіктері де қарастырылған. Өңір әкімдіктері бірінші деңгейдегі субсидияларды бөлу кезінде аудандық ерекшеліктерді ескеріп, басым салалардың тізбесін қысқа мерзімде айқындауы тиіс. Бұл бағытқа бағдарламаның жалпы бюджетінің 70%-ы бағытталмақ.
Үкімет шағын бизнестің өндірістік инфрақұрылымға қолжетімділігін кеңейтуге және коммерциялық үй-жайларды жеңілдікпен жалға алуына ерекше назар аударып отыр.
«Шағын бизнестің өндірістік инфрақұрылымға қолжетімділігін қамтамасыз етіп, үй-жайларды жеңілдікпен жалға алуына мүмкіндік жасаған жөн. Сонымен қатар шағын бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу маңызды іс екенін атап өткім келеді», деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр өңірлерде кәсіпкерлікті қолдаудың жеке бағдарламаларын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Тиімді тәжірибелердің бірі ретінде Алматы қаласында жүзеге асырылып жатқан шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту жобасы аталды. Биыл мегаполисте ШОБ-ты қолдауға жергілікті бюджеттен 25,5 млрд теңге бөлініп, жылдық 6%-ға дейінгі жеңілдікті несиелер есебінен өндірістік алаңдар іске қосылып жатыр.
Сонымен қатар Үкімет өңдеу секторындағы кәсіпорындарды жаңғыртуға арналған лизингтік қаржыландыруды енгізуді жоспарлап отыр. 2026 жылдың қаңтарынан бастап микро және шағын бизнес өкілдері қосымша кепілсіз 300 млн теңгеге дейін өз өндірістерін қайта жарақтандыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл шара еңбек өнімділігін арттырып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.
Бұдан бөлек, жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимінде жұмыс істейтін кәсіпорындарды қолдау үшін «Өрлеу» бағдарламасы қайта қаралатыны айтырлы. Үкімет қаржыландыру критерийлерін кеңейту арқылы салықтық емес қолдау тетіктерін күшейтуді жоспарлап отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан Үкіметі «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын бекіту туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірлегенін хабарлады. Бағдарлама қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық қолдау құралдарын кешенді пайдалануға негізделген.