Қазақстан Үкіметі «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын бекіту туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Бағдарлама қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық қолдау құралдарын кешенді пайдалануға негізделген
«Шағын бизнес субъектілеріне қаржылық көмек кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау және қарыздарға кепілдік беру арқылы беріледі. Бұл шаралар қарыз қаражаттарының құнын төмендетуге және кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайларды қоса алғанда, несие ресурстарына қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған», делінген Ұлттық экономика министрлігі ақпаратында.
Сондай-ақ ол қаржылық емес қолдау салалық онлайн-оқыту бағдарламаларын, сервистік және ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді қамтиды. Бұл кәсіпкерлердің басқарушылық және салалық құзыреттерін арттырып, жобалардың табысты іске асуына мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымдық қолдау шеңберінде шағын бизнеске инженерлік, өндірістік, логистикалық, өткізу және туристік инфрақұрылым объектілеріне, соның ішінде үй-жайларға, жер учаскелеріне және өндірістік қуаттарға қол жеткізу қамтамасыз етіледі. Қызмет түрлерін өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ҰКП айқындайды. Сондай-ақ олар кәсіпкерлердің өтінімдерін қарап, нәтижелерге тұрақты мониторинг жүргізеді.
«Жобада кәсіпкерлікті дамыту үшін ортақ жауапкершілікке тартылатын өңірлердің рөлдері басымдыққа ие. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік-экономикалық әлеуетті және өзекті қажеттіліктерді ескере отырып, басым тауашалардың тізбесін қалыптастырады, бұл қолдау шараларын неғұрлым дәл баптауды қамтамасыз етеді және теңгерімді аумақтық даму үшін жағдай жасайды», деп қосты ведомствода.
Құжатта кредиттік лимиттердің екі деңгейлі жүйесі енгізіледі. Бірінші деңгей өңірлік мамандануға сай және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды қамтиды. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлік өндірісі, наубайханалар, ағаш өңдеу және ауылдық аумақтардағы қолөнер қызметтері. Осы бағытқа субсидиялар көлемінің 70%-ына дейін бөлу жоспарланған.
Екінші деңгей тұрақты өндірістік базаны қалыптастыруға және ұзақ мерзімді экономикалық тиімділікке бағытталған тамақ өндірісі, жиһаз цехтары мен құрылыс материалдарын шығару жобаларын қамтиды. Бұл санатқа субсидиялар бюджетінің 30%-ына дейін қарастырылады.
Сонымен қатар Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы өнеркәсіптік жобаларға ерекше назар аударылған. Бағдарлама барлық ауылдық аумақтарды қамтып, шағын және орта бизнес жобаларын қолдауға бағытталады.
Бұдан басқа ШОБ үшін қарсы міндеттемелер де айқындалған. Инвестициялық жобалар бойынша әрбір 100 млн теңге кредитке кемінде бір жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс. Ал айналым қаражатын толықтыру жобаларында табыс пен еңбекақы қорының жинақталған инфляция деңгейінен төмен емес өсімі талап етіледі.
Үкіметтің бағалауынша, «Іскер аймақ» бағдарламасын қабылдау ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, жергілікті шикізатты өндіру мен қайта өңдеуді кеңейтуге серпін береді. Бұл былғары, сүт, қолөнер және өзге де басым салалардың дамуына жағдай жасамақ.
Дереккөз: Экономика министрлігі