Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Формалар, фактуралар және еңбек уақыты: қолөнерші неге суретші болу керек?
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 22 желтоқсан, 2025 | 14:43
4 мин. - оқу уақыты

Формалар, фактуралар және еңбек уақыты: қолөнерші неге суретші болу керек?

Сұңқар Есмұхан былғары, ұмытылып бара жатқан дәстүр және шабыт туралы әңгімелейді

Фото: Владимир Яроцкий
Фото: Владимир Яроцкий

Терінің иісі, құралдардың ырғақты дауысы және ондаған бөлшекті бір бұйымға біріктіру үшін асықпай салынған тігістер. Сұңқар Есмұхан шеберханасында уақыт басқаша зырғиды, бір сөмкені жасауға бірнеше ай кетуі мүмкін.

Қазақстандық KIRITTI былғары бұйымдары бренді 2014 жылы пайда болды және содан бері жеке эксперименттен «интеллектуалды люкс» философиясына айналды. Сұңқар өз студиясында жеке жұмыс істейді – пішіндерді әзірлейді, фурнитураны өңдейді және әр затты қолмен жинайды. Мұның бәрін ол мәртебе үшін емес, материалға, еңбекке және мәдениетке деген құрмет үшін жасайды.

Біз шебермен оның бұйымдарын қалай жасайтыны, неге шабытты қарапайым детальдардан іздейтіні және Қазақстанда былғары қолөнерін не үшін қайта танымал еткісі келетіні туралы сөйлестік.

Өнерге деген қызығушылықтың оянуы

Менің даму жолым барынша табиғи болды: ата-анамның екеуі де – суретші. Анам мамандығы бойынша – киім дизайнері, ал әкем – зергер. Соған қарамастан, бала күнімде өнерге аса үлкен қызығушылық танытпадым. Мен инженер болғым келді, бірақ дәл ғылымдарды оқуға құлқым болмады.

Бала кезімде әкем мені бірдеңемен шұғылдансың деп шеберханасына өзімен бірге алып кететін. Онда ол мені зергерлік өнермен таныстырды. Біраз есейген соң, ата-анамның жобаларында көмектесіп, табыс таба бастадым, көп ұзамай өз клиенттерім пайда бола бастады.

Кейін мен театр-декоративті өнері мамандығы бойынша білім алдым. Сабақтарда курстастарыммен бірге пьесаларды оқып, оларға арнап костюмдер эскизі мен декорация макеттерін жасайтын едік.

Жеке эксперимент

Студенттік жылдары әкемнің шеберханасында жұмыс істей бастадым. Сол кезде өз логотипімді салдым. Алғашқы уақытта менің брендім тек зергерлік бағытта болды – мен минимализмді, фактураларды және монументалды формаларды қолдадым. Былғары қолөнеріне деген қызығушылығым өзіме шынымен керемет былғары сөмке тапқым келгенде және көңілім қалағандай дүниенің жоқ екенін түсінгенде оянды.

Біз ежелден мал шаруашылығымен айналысатын ел – Қазақстанда тұрсақ та, былғары қолөнерінің мүлдем дерлік жоғалып кеткеніне таң қалдым. Толыққанды әдебиеттер болмады, ал қолөнерді тек өндірісте жұмыс істеу арқылы үйренуге болатын еді. Алайда бұл маған ұнамады.

Бұл мен іздеген бағыт емес екенін түсіндім. Мен өнерді жасағым келді. Батылымды жинап, білім алып, алғашқы терім мен базалық құралдарымды сатып алдым да, алғашқы рюкзагымды жасадым. Ол әлі күнге дейін менің шеберханамда бәрі неден басталғанын еске салып тұр.

Рюкзак үлкен қызығушылық тудырды, жақындарым мен клиенттерден жылы лебіздерін естідім. Осылайша бұл іспен байыпты айналысу керек екенін түсіндім.

Бренд тұжырымдамасы

Мен өз брендімді «интеллектуалды люкс» ретінде таныстырамын, сонымен қатар адамдарға сән-cалтанатты (luxury) оның бастапқы мағынасында ұсынамын. Мәселе мәртебе үшін қойылған жоғары бағада емес, материалдар, технологиялар мен өндіріске жұмсалған еңбек уақытында.

Менің барлық бұйымдарым толықтай қолдан жасалады. Пішіндерін өзім пішемін, барлық бөлшектерді «ер-тоқым» тігісімен тігемін, ал таза латуньнен жасалған фурнитураны қолмен өңдеймін.

Қазір негізінен жұмысты жалғыз істеймін. Тұрақты көмекшілерім жоқ, бірақ кейде бірлескен жобаларда жұмыс істейтін әріптестерім мен достарым бар.

Бұйымдар қалай жасалады

Сөмке жасауды үш үлкен кезеңге бөлуге болады. Біріншісі – әзірлеу, макеттеу және пішу. Екіншісі – ең ұзақ дайындық кезеңі, мұнда бөлшектер өңделіп, ішінара бір-біріне қосылады. Бұл кезеңде ішкі қаңқасы жасалады. Үшінші кезеңде бәрі біріктіріліп тігіледі. Мұның бәрі 25–30 күнге созылады.

Менің ең сүйікті күндерім – таңертең шеберханаға барар алдында көптен күткен жаңа теріні немесе құралды алуға баратын сәттерім. Жаңа, сапалы жабдықтың алдындағы тебіреніс немесе жаңа ғана ашылған өсімдік тектес иленген терінің иісінен алатын әсер ештеңемен теңестіруге болмайды. Сол сияқты жаңа құралдың зауыттық майын сүртіп тастап, жұмысқа кіріскен сәт те ерекше.

Шабыт іздеу

Мен шабытты барлық жерден аламын. Кейде терінің әдемі бүктеліп түскенінің өзі шабыт береді, сосын сол идеяны сөмкенің бір бөлігіне қалай бейімдеуді күндіз-түні ойлауым мүмкін. Бұл – жиһаз, тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқ, XX ғасырдың ортасындағы орындықтар да болуы мүмкін. Мысалы, «Омега» сөмкемнің формасына жапондық «тэцубин» шәйнегі әсер етті.

Қарапайым естілгенімен, шабытты қандай да бір фильмді көргеннен кейін алуым мүмкін. Сондай-ақ музыканы өте жақсы көремін. Менің шығармашылық күйімнің өмірімдегі музыка мен киномен бірге қалай өзгеретінін байқауға болады.

Шеберлер, дизайнерлер, музыканттар мен режиссерлер мені таңғалдырады. Мен олардың өнер арқылы адамдармен қарым-қатынас жасау әдістерін бақылаймын. Менің кәсібімде үлгі тұтар тұлғалар бар. Мәселен, соның бірі швейцариялық шебер - Питер Нитц. Ол бұрын винтажды люкс бұйымдарын сатқан, кейін Hermes шеберінен былғары өнерін үйренген.

Қолөнер ме, әлде өнер ме?

Мен өз бойымдағы суретшіні қолөнершіден бөлмеймін – маған идея да, оның жүзеге асуы да бірдей маңызды. Сонымен қатар, мен детальдарға өте мұқиятпын: бұйымды техникалық мінсіздікке жеткізгенді жақсы көремін,

Әрі қарай не күтіп тұр?

Қазір менің жұмыстарым Парижде көрмеге қойылып жатыр, бірнеше жыл бұрын Миландағы көрмеге бардым. Бұл, әрине, шабыттандырады, бірақ мен үшін Қазақстанда даму – мұнда қауымдастық құру, рухы жақын клиенттер мен әріптестер табу кем түспейтін маңызды іс.

Тым асқақ сөйлегендей көрінгім келмейді, бірақ біз жоғалтып алған мәдениетті қайтару мен үшін өте маңызды. Уақыт өткен сайын өз бұйымдарыма этникалық айдентиканы көбірек енгізу қызықты болып барады – бірақ оны тікелей емес, нәзік әрі талғаммен жасауға тырысамын. Мысалы, соңғы шыққан SNDQ сөмкелерінің бірі қазақтың дәстүрлі тұрмыс затына негізделген.

Мен үшін менің қолөнерім – бұл мәдени жадыны сақтап, оны өнерге айналдыру мүмкіндігі.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.