Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Спорт
  3. Қазақстанда биыл 20-дан астам ірі халықаралық спорт жарысы өтеді
  1. Жаңалықтар
  2. Спорт
Astana, Kazakhstan • 04 ақпан, 2026 | 12:44
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстанда биыл 20-дан астам ірі халықаралық спорт жарысы өтеді

Жарыстарды елдің алты өңірінде өткізу жоспарланған

gov.kz
gov.kz

2026 жылы Қазақстан аумағында әлемдік және құрлықтық деңгейдегі 20-дан астам ірі халықаралық спорт жарысын өткізу жоспарланған. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.

Былтыр Қазақстанда халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық жарыс ұйымдастырылып, түрлі спорт федерацияларының өкілдері елдегі спорт саласының мүмкіндіктерімен танысқан болатын. Ведомство мәліметінше. биыл бұл үрдіс жалғасып, жарыстар Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Талғар және Ақтау қалаларында өтеді. Бағдарламаға қысқы және жазғы, олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлері енгізілген.

Алматыда Миландағы қысқы Олимпиада аяқталғаннан кейін бірқатар ірі турнир өтеді. Атап айтқанда, фристайл-могулдан Әлем кубогінің кезеңі, FIP GOLD ALMATY халықаралық падел турнирі, WKF каратэден KazOpen халықаралық турнирі мен Азия чемпионаты, сондай-ақ барлық жас санаты бойынша джиу-джитсудан Азия чемпионаты ұйымдастырылады. Сонымен қатар дәстүрлі «XXXIV Мемориал – Ғ.Қосанов» халықаралық жеңіл атлетика жарысы мен Denis Ten Memorial Challenge Series мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнирі өтеді.

Астана да бірқатар маңызды жарыстарды қабылдайды. Елордада 2025/2026 маусымына арналған УЕФА футзалдан Чемпиондар лигасының финалы, дзюдодан Grand Slam турнирі, сондай-ақ Silk Way Series Kazakhstan-1,2, жүзу мен боччадан Әлем кубогтері, голболдан жастар арасындағы әлем чемпионаты және Astana Open Series Kazakhstan-1,2 халықаралық жарыстары өтеді. Бұдан бөлек, фиджитал спорттан «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирі де Астанада ұйымдастырылады.

Өңірлерде де бірқатар халықаралық бәсекелер жоспарланған. Талғарда көпкүндік веложарыстан Азия кубогі, Шымкентте ISSF стенд атудан Әлем кубогі мен маунтинбайктан Азия кубогі, ал Түркістанда пара каноэден Азия чемпионаты өтеді деп жоспарланып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.