Италияда өткен XXV қысқы Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасы 1 алтын медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 94 елдің ішінде 19-орынға ие болды, деп хабарлайды QazMonitor.
Қазақстанға алтын жүлдені мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама көшбасшысы Михаил Шайдоров алды. Ұлттық құрама 1994 жылдан кейін алғаш рет Олимпиадада үздік 20 елдің қатарына енді.
Қысқы Олимпиада ойындарында бірқатар спортшымыз жоғары нәтиже көрсетіп, үздік ондыққа енді. Атап айтқанда Илья Мизерных шаңғымен үлкен тұғырдан секіруде ол сегізінші орын алып, осы спорт түріндегі ұлттық рекордты жаңартты.
Сондай-ақ Надежда Морозова конькимен жүгіруден 3000 метр қашықтықта алтыншы болып мәреге жетті. Бұл - 1998 жылы Людмила Прокашева Олимпиадада қола медаль алғаннан бергі ең жоғары нәтиже. Сонымен қатар Морозова 5000 метрде тоғызыншы, командалық із кесу сайысында сегізінші орын иеленді.
Оның командаласы Елизавета Голубева да үш рет үздік ондыққа енді. Ол 1500 метрде - жетінші, 3000 метрде - оныншы орын алды. Голубева және Морозовамен бірге командалық із кесу сайысында Арина Ильященко да сегізінші нәтиже көрсетті.
Қазақстандық конькимен жүгіруші Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта тоғызыншы орынға тұрақтады. Ал шорт-трекші Денис Никиша 500 метр қашықтықта жетінші орын алып, жекелей сайыстағы өзінің ең жоғары нәтижесіне қол жеткізді.
Сонымен қатар фристайл-акробатикадан аралас командалық бәсекеде Қазақстан құрамасы жетінші болды. Бұл сында Асылхан Асан, Роман Иванов және Аяна Жолдас өнер көрсетті. Айта кетейік, ерлер арасында Роман Иванов 13-орын алып, ұлттық құрама тарихындағы үздік нәтижені жаңартты.
Бұған қоса могулшы Анастасия Городко да үздік ондыққа енді. Ол параллельді могулда ширек финалға дейін жетіп, сегізінші орын алды. Осы дисциплинада Павел Колмаков тоғызыншы сатыға жайғасты.
Айта кетейік, мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында Софья Самоделкина Қазақстан тарихында ең жоғары нәтижені тіркеді. Қысқа және еркін бағдарламаның қорытындысы бойынша ол оныншы орынға тұрақтады.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасынан қысқы Олимпиадаға 10 дисциплина бойынша 36 атлет (18 ер, 18 әйел) қатысқан болатын. Олар 10 спорт түрінде сынға түсті.