Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Паралимпиада аяқталды. Милан–Кортина қалаларында өткен додада Қазақстан құрамасы 1 алтын және 1 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды QazMonitor.
Ұлттық құрама жарысқа екі спорт түрі – пара биатлон және пара шаңғы жарысы бойынша 7 спортшымен қатысты. Ел намысын Ербол Хамитов, Нұрлан Әлімов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин, Владислав Кобаль және Анна Грачова қорғады.
Жарыстың басты нәтижесін Ербол Хамитов көрсетті. Ол пара биатлоннан 4,5 шақырым із қуу жарысында тарихи алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар спортшы пара шаңғы жарысының 1500 метрлік классикалық спринтінде қола жүлдеге ие болды.
Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері комитеті басқарма басшысы Марат Қасқырбаевтің айтуынша, ұлттық құраманың нәтижесі параспортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Оның сөзінше, дайындық кезеңінде спортшыларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, команда құрамымен кешенді медициналық топ жұмыс істеген. Сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары халықаралық қысқы базаларда ұйымдастырылып, жаттығу процесіне бірнеше дүркін Паралимпиада чемпионы Роман Петушков кеңесші ретінде тартылған.
Айта кетейік, 2026 жылғы қысқы Паралимпиада 6–15 наурыз аралығында өтті. Додаға 55 елден 600-ден астам спортшы қатысып, пара шаңғы жарысы, пара биатлон, пара хоккей, тау шаңғысы, пара сноуборд және арбадағы керлинг бойынша 79 медаль жиынтығы сарапқа салынды.