QazMonitor-ға Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне Әуезов ауданындағы Қазақстан жазушылары кітапханасы мен Бостандық ауданындағы Алматы кітапханаларының филиалы көшеді. Осылайша, Алматыдағы тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар саны бесеуге жетті.
Қазақстан жазушылары кітапханасы 1962 жылы ашылған және Әуезов ауданындағы жетекші зияткерлік орталықтардың бірі саналады. Кітапхана қоры 40 мыңнан астам кітапты құрайды, ал жыл сайын 145 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді. Мұнда электронды оқу залы, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған жұмыс орындары, сондай-ақ RFID және «Almaty-library» жүйелері енгізілген.
Алматы кітапханаларының Розыбакиев көшесінде орналасқан филиалы 2025 жылдың соңында ашылған. Жалпы аумағы 503 шаршы метр болатын кітапхана шамамен 20 мың кітап қорына ие. Оқу залдары жоғары жылдамдықтағы интернетпен, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарымен және RFID қақпаларымен жабдықталған.
Жаңа жұмыс режимі қаланың тағы екі аудан тұрғындарына кітапхана қызметін өздеріне ыңғайлы уақытта, соның ішінде кешкі және түнгі мезгілде пайдалануға мүмкіндік береді.