Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Алматының қуыршақ театры Румыниядағы халықаралық Шекспир фестиваліне қатысады
  1. Жаңалықтар
  2. Мәдениет
Astana, Kazakhstan • 16 мамыр, 2026 | 18:57
2 мин. - оқу уақыты

Алматының қуыршақ театры Румыниядағы халықаралық Шекспир фестиваліне қатысады

«Ромео мен Джульетта» спектаклі алғаш рет Крайова қаласындағы беделді театр форумында сахналанады

Алматы қаласының әкімдігі
Алматы қаласының әкімдігі

Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының репертуарындағы «Ромео мен Джульетта» спектаклі алғаш рет Румынияда өтетін халықаралық «The Craiova International Shakespeare Festival» фестивалі аясында қойылады, деп хабарлайды QazMonitor.

Фестивальге әлемнің 28 елінен 90-нан астам шығармашылық ұжым қатысады. Ауқымды театр мерекесі 1994 жылдан бері Крайова қаласында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл фестиваль 21-31 мамыр аралығында қаланың 32 театр алаңында өтеді.

Алматының Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры аталған румын фестиваліне қатысатын алғашқы қазақстандық театр болмақ. «The Craiova International Shakespeare Festival» – Уильям Шекспирдің шығармашылығын насихаттауға арналған халықаралық фестиваль. Форум аясында әлем әдебиетінің алтын қорына енген «Гамлет», «Макбет», «Король Лир», «Отелло», «Ромео мен Джульетта» секілді туындылар заманауи интерпретацияда ұсынылады.

2026 жылы фестивальге АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Италия, Испания, Германия, Чехия, Польша, Бельгия, Молдова, Эстония, Венгрия, Австрия, Армения, Аргентина, Украина, Грузия, Үндістан, Қытай, Жапония, Кения, Оңтүстік Африка Республикасы, Оңтүстік Корея, Тайвань, Израиль, Румыния және Қазақстан театр ұжымдары қатысады.

Крайова қаласындағы Марин Сореску атындағы ұлттық театр бұл фестивальді 1994 жылдан бері өткізіп келеді. Оның негізгі мақсаты – Шекспир шығармаларын заманауи тұрғыда қайта пайымдау және тәжірибе мен идея алмасуға арналған креативті алаң қалыптастыру.

Фестиваль екі жылда бір рет ұйымдастырылады және әр маусымның өзіндік тақырыбы болады. 2026 жылғы форумның тақырыбы – «Will matters». Бұл тіркес «Уильям Шекспир маңызды» деген мағынамен қатар, «Адам рухы, ерік-жігері мен бостандығы маңызды» деген астарды да білдіреді.

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры фестиваль аясында ересектерге арналған «Ромео мен Джульетта» қойылымын ұсынады. Спектакль алғаш рет 2019 жылы режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен сахналанған.

Қойылымның камералық форматы, актерлік ойын мен қуыршақ өнерінің үйлесімі, ерекше режиссерлік шешімдер, Анна Цой қойған хореография және Юлия Чернованың сценографиясы көрермендер мен театр мамандарының жоғары бағасына ие болды. Спектакль әр жылдары Канада, Болгария, Ресей, Түркия және Қазақстанда өткен халықаралық фестивальдерде бас жүлделер жеңіп алған.

2025 жылы «Ромео мен Джульетта» спектаклі Францияның Авиньон қаласында өткен халықаралық «Off Avignon» фестиваліне қатысты. Дәл осы фестиваль барысында Шекспир фестивалінің ұйымдастырушылары қазақстандық театрдың шығармашылығымен танысып, ұжымның кәсіби шеберлігін жоғары бағалап, оларды Крайовадағы XV Халықаралық Шекспир фестиваліне шақырған.

Румыниядағы театрсүйер қауым Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» спектаклін 28 мамыр күні сағат 19:00-де «Cercul Militar Craiova» мәдени орталығының сахнасында тамашалай алады.

Қойылым қазақ тілінде ұсынылып, румын және ағылшын тілдеріндегі субтитрлермен көрсетіледі.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.